Театрға асығыңыз, ағайын!

Театрға асығыңыз, ағайын!

Мәдениет пен руханияттың қаймағы сақталған Алматы қаласында жақын күндері үлкен қуанышты оқиға болғалы отыр. Жаздың алғашқы айларында көрерменімен қимай қоштасқан Алматы қаласының театрлары қазан айында өз жұмыстарын бастайтын болады. Енді сіздер сүйікті қойылымдарыңыз бен қадірменді актерлеріңізді, ұнатқан кейіпкерлеріңізді киелі сахнадан тамашалай алатын боласыздар.

Өнер десе ішкен асын жерге қояр халқының құмарын қандырмақ боп қайта есігін ашқан өнер ордаларының жаңалықтары да жоқ емес.

Қазақ Мемлекеттік М. Әуезов атындағы академиялық драма театры жаңа басшымен бірге өз алдына салмақты міндеттер мен үлкен жоспарлар қойып отыр. Театр өнерін, сахнаны жақсы білетін, басқару тәжірибесі де жеткілікті Еркін Тілеуқұлұлының басшылыққа келуі театрға үлкен өзгеріс, жаңалық және бір жаңа дауыс әкеледі деген сенімдеміз. Театрдың баспасөз қызметі бөлімі биылғы маусымның жаңалықтарын былай деп хабарлайды:

"Театрға жас актерлер, режиссерлер қабылданып, спектакльдердің  жоғары деңгейде шығуына ат салысатын мамандар тартылды. Көрерменге жасалатын жағдай  бүгінгі талапқа сай болу  үшін театрдың үлкен залындағы  800 кісілік  орындықтар жаңаланды. Театрдың алдына 24 сағат бойы театр қойылымдары мен актерлерді жарнамалап, ақпарат беріп тұратын  5х3 көлемдегі үлкен LED экран қойылды. Театрдың, жалпы өнер адамдарының  қалың көрерменмен  тығыз байланысын  орнату мақсатында   «Баспасөз қызметі» бөлімі  және театр спектакльдерінің  үздік қойылымдарын бейнетаспаға кәсіптік деңгейде сапалы жазылуын қамтамасыз ететін «Дыбыс және бейнежазу» студиясы  ашылып, оған да  кәсіби мамандар тартылды. Ең негізгісі театрдың 45 жылдық тарихы бар мұражайы кеңейтіліп, жаңадан жабдықталды. Театрдың екінші қабатында қара шаңырақтың 90 жылға жуық тарихын қамтитын экспонаттар  орналастырылды. Осы жазда Алматы қаласы әкімшілігінің  қолдауымен  театр ғимараты алдындағы субұрқақ күрделі жөндеуден өтіп, іске қосылғандығында атап өтсек болады. Сондай-ақ, 2014 жылдың қаңтарынан бастап театр билетін  электронды жүйемен сату қолға алынады".

 

Әкем-театр өткен маусымда театр шымылдығын жапқан "Бейбарыс-сұлтан" қойылымымен 88 маусымды да бастағалы отыр. "Бейбарыс сұлтан" – жазушы, драматург Р.Отарбаевтың тарихи драмасы бойынша қойылған. Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ю.Ханинго-Бекназар. Қойылымда А. Сатыбалды, Е. Дайыров, А. Шаяхметов, Д. Жүсіп, Б. Қожа, Б. Тұрыс сынды актерлер жаңа қырынан көрінетін болады.

Қазан айының репертуарын мына жерден көре аласыздар.

Ал Ғ. Мүсірепов  атындағы  Қазақ  мемлекеттік  академиялық балалар  мен  жасөспірімдер  театры 68 маусымын қазан айының жиырма тоғызыншы жұлдызына жоспарлап отыр. Театр жұмысын Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» туындысымен бастайтын болады. Режиссер – Жанат  Хаджиев.

Сіздер осы маусымда сүйікті театрларыңыздан Ю.Энтин, В.Ливановтың (ауд. А.Көлбаева, реж. С.Қарабалин) «Бремен музыканттары» атты балаларға арналған музыкалық ертегісін және М.Мақатаевтың өлеңдерінен дайындалған «Ұмытпаңдар мені…» поэзия кешін (реж. Б.Сейітмамытұлы) тамашалайтын боласыздар.

Қазан айының репертуарын мына жерден көре аласыздар. 

Биыл 80 маусымның жұмысын бастағалы отырған М. Лермонтов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық орыс театры "Полная гармония" және "Визит" дамы" атты жаңа қойылымдарын ұсынатын болады.

Қ. Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының 80-ші маусымының ашылу салтанатында (26 қазан) "Анархан" музыкалық драмасы қойылады. Режиссер – М. Изимов.

Саф өнермен сусындағыңыз келсе, театрға асығыңыз, ағайын!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: kaz.classtime.kz, topauthor.ru, teatr-musrepov.kz