25 елдің өкілі "Астана Операда" бас қосады

25 елдің өкілі "Астана Операда" бас қосады

Ертең, яғни, 22 қазанда "Астана Опера" театрында ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Англия, Италия, Испания, Ресей және Қазақстан елдерінің ірі театрларының директорлары мен дүние жүзінің 25 елінен келетін белгілі театр сыншылары конференцияның басты қатысушылары болмақ. Бұл туралы Massaget.kz порталына "Астана Опера" театрының баспасөз қызметі хабарлады. "Қазіргі заманғы опера өнері: дәстүрлер, жаңашылдық және болашақ" деп аталатын конференцияда операның әлемдік мәдениет кеңістігіндегі орны, білім беретін театрлық бағдарлама және жас әртістерді Еуропада оқыту, ірі театрларды басқарудың жаңа әдістері, ұлы орындаушылардың тарихи мұрасы және басқа өзекті тақырыптар талқыға түспек. Театр директоры Төлеген Мұхамеджановтың айтуынша, "Астана Опера" жас театры үшін ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу өте маңызды, себебі пікірталас барысында өткір тақырыптар көтеріледі, қатысушылар опера өнері жоғары деңгейдегі елдердің тәжірибесімен танысатын болады. Мұхамеджанов сондай-ақ оқушылар мен жастарға арналған білім беретін бағдарлама енгізу театр жоспарында бар екенін атап өтті. 

Конференцияда Саймон Роби (Covent Garden, Англия), Николас Пэйн (Opera Europa директоры), Шицзинь Цянь (Қытай), Мариса Веласкез ("Teatro Real", Испания), Барбара Мингетти (Италия), Фернандо Санс Ривьер (Испания), Николай Кузнецов (П. Чайковский атын. ММК профессоры), У. Р. Жұмақовалар (өнертану ғылымдарының докторы, Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің профессоры, Астана) өз тәжірибелерін ортаға салатын болады. 

Конференция 10.00 мен 13.00 аралығында "Астана Опера" театрының камералық залында өтеді.

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: "Астана Опера" театрының баспасөз қызметі

Р. Роза