- Негізгі бет
- Тұлға
- Асылхан Төлепов: "Киноға...
Асылхан Төлепов: "Киноға түсіп, бірталай арманыма қол жеткіздім"
«Жаужүрек Мың бала» фильмінде Сартай рөлін сомдаған актер Асылхан Төлеповпен болған сұхбат
Асылхан, таяуда алған «Бауыржан Момышұлы» атындағы төсбелгіңіз құтты болсын! Қуаныш ұзағынан болсын!
Шынымды айтсам, әу баста, өзім ойланып, «Мынадай марапатқа мен лайықпын ба?!» деген сұраққа жауап іздей бастадым. Тіпті, марапаттаған Бақытбек Смағұл ағамыздан да сұрадым. Депутат ағам: «Фильмге түскеннің өзі үлкен ерлік. Батырдың мінез-құлқы мен бар болмысын аса шеберлікпен көрсетіп, жас өркендердің патриоттық сезімін ояттыңыздар» деп жауап қатты. Елбасымыздан бастап ресми түрде жеті адамға берілген төсбелгінің алтыншысы маған бұйырыпты. Аллаға шүкір! Бұл маған ғана берілген төсбелгі емес. Бұл Қорлан, Таймас, Ілияс бастаған, фильмнің жарық көруіне ат салысқан бүкіл ұжымның сыйы деп білемін.
Түсірілім кезінде қандай да бір қиындықтар болды ма? Режиссерден ескерту алып, қайта-қайта дубль жасап дегендей...
Ең көп алты мәрте дубль жасадық. Айтарлықтай қиын сәттер болған емес. Ақан ағайымыз да әрқайсымызға мән-жайды айтып, түсіндіріп жатты. Қабақ танытып, қатты сөйлеген емес. Фильм түсірілмес бұрын барлықтарымыз дайындықтан өттік. Сол дайындықтың арқасында көптеген қиындықтарға төтеп бере алдық деп ойлаймын.
Кейіпкер Сартай мен актер Асылхан арасында ұқсастық бар ма?
Кейіпкерім Сартай өзіме қатты ұнайды. Екеуміздің ұқсастықтарымыз баршылық. Ол кекшіл емес. Досының іс-әрекетін сөкпей, оған кешіріммен қарады. Мен де өмірде кекшіл емеспін. Сартайдың Зереге деген махаббаты берік. Мен де өмірімде өз махаббатыма берік боламын деген ниеттемін.
Зере демекші, фильмнен кейін ел арасында «Шынайы өмірде де Сартай Зеремен қол ұстасып кетіпті», «Таймаспен қырылысып қалыпты» деген қаңқу сөздер тарап кеткен еді. Сіз бұған не айтар едіңіз?
Оның барлығы желмен келген бос сөздер. Аян екеуміздің танысып, дос болғанымызға жеті жылдың жүзі болды. Аян досым ғана емес, бауырымдай болып кеткен жан. Әрдайым, өз көмегін аямай, демеп, қолдап, өз тілек-ниетін білдіріп жатады. Қызғаныш, көре алмаушылық атымен жоқ. Зереге келер болсақ, Әлиямен де менің қарым-қатынасым жақсы. Ол шалғайда жүрсе де, хабарласып, қал-жағдайымызды біліп жатамыз. Ел айтқандай, арамызда ештеңе жоқ.
Фильм жарыққа шыққаннан кейін, елдің ерекше ықыласына бөленіп жатырсыздар. Тіпті, 35 мыңға жуық хат алыпсыз
Иә, тұсау кесерге дейін ғаламтордағы достарымның саны аздау болатын. Фильм жарыққа шыққаннан кейін олардың саны күрт артты. Сол достарым маған хат жазады. «Фильмді 5 рет көрдік. Керемет!», «Қазақ тілінде 4 рет, орыс тілінде 2 рет тамашаладық. Жарайсыңдар!» деп пікірлерін білдіреді. Бір күні қызық көріп, келген хаттардың санын қарасам, отыз бес мыңға жеткен екен. Оның жиырма тоғыз мыңы тек қана құттықтау мен жылы лебіздер. Қалғаны «Сәлем! Қалайсың?», «Привет! Чем занимаешься?» деген сияқты хаттар.
Осы тектес бір сарынды хаттар өзіңізді жалықтырмайды ма?
Жалықтырмайды. Себебі, бізді өсіретін де, өшіретін де сол көрермендер. Сондықтан да барлығына оң көзбен қараймын.
Әлеуметтік желілерде бірнеше "Асылхан Төлеповтерді" байқап жүрміз. Ғаламтордағы өзіңіздің жеке парақшаларыңызды ресми түрде мәлімдей аласыз ба?!
Иә, ғаламторды тұрақты пайдаланамын. Жеке парақшаларымды айтар болсам: «Мой Мир» - asyl_tulepov@mail.ru; Facebook - assylkhan.tolepov; Twitter - @Assyl_Tolepov; VK – id120534800 Асылхан Толепов. Қалғандары менікі емес.
Ал сіздің атыңыздан ашылып жатқан парақшаларды қайтеміз?
Шынымды айтсам, олармен қалай күресуге болатынын білмеймін. Қолымнан ештеңе келмейді. Маған да хат жазған кезде көбі: «Сіз киноға түскен Асылхансыз ба?» деп сұрап жатады. «Иә» десем, «Ендеше, Асылхан екеніңді дәлелде» деп жатады. Мен өзімнің өзім екенімді қалай дәлелдеймін? (күлді)
Көрермен тарапынан хаттардан басқа, қандай сый-сыяпат алдыңыз?
Орал қаласында қызмет бабымен болдық. Ол жерде Қазақ киносының күндері өтті. Қонақүйде болған едім. Дәл сол кезде менің туған күнім болатын. Содан кейін қонақүйге 5-6 қыз келіп, жұмсақ ойыншықтар мен әр түрлі естелік бұйымдар сыйға тартты. Ерекше есімде қалғаны осы.
Әзілге жақын екенсіз. Түсірілім кезінде Құралай Анарбекованы алдаған екенсіздер. Ал өзіңіз алданған кездер болды ма?
Биылғы 1 сәуір - Әзіл күнінде қатты алдандым. 31 наурызда хабарласып, ертең «Часы» деген фильмге кастингке келіп кетуімді айтты. «Ертең жексенбі, демалыс. Ол қандай кино екен» деп ойланып қалдым. Ертесі таңмен Аян екеуміз бардық. Сөйтсек, біздің академияның жігіттері кастинг директоры Жайна Әбдиевамен келісіп, арғы жақтан бізді үш камерамен түсіріп жатыр екен. Қатты алданған кезім осы. Негізі, көп алданбауға тырысамын. Бірақ та, алдағы күндері қолыма түссін, Аянды да, Артурды да (Фильмде Ілиясты сомдаған актер Артур Төлепов – авт.) әлі алдаймын. Мен сіздерді де алдаймын (күлді)
Жақсы. Оны алдағы күндері көре жатармыз. Айтыңызшы, актер болмағанда кім болар едіңіз?
Актер болмасам, спортшы болар едім. Бала кезден спортпен шұғылданып, 7 жыл таэквондамен айналысқанмын. Қара белбеу иегерімін. Өнер болмаса, спорт саласын таңдар едім.
Қандай кітаптарды оқығанды ұнатасыз? Дәл қазір қандай кітап оқып жатырсыз?
Оқып жатқан кітаптарымның бірі – көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділовтың әңгімелері. Ішіндегі ерекше ұнағаны «Ей, қарындастар-ай» атты әңгімесі. Себебі, оның ішінде Асылхан есімді кейіпкер бар екен. Ал көбіне поэзиялық шығармаларды оқығанды ұнатамын.
Арманыңыздағы рөл жайлы айта кетсеңіз
Батыр бейнесін сомдау, алып тұлғаны ойнау көптеген жас актерлердің арманы. Мен арманымдағы рөлдердің бірін сомдадым деген ойдамын. Жастайымнан киноға түсуді армандаған едім. Аллаға шүкір, іштегі жатқан арман-мақсаттарым орындалды. «Жаужүрек Мың бала» киносына түсу арқылы менің біраз армандарым жүзеге асты. Кинодағы рөлімді өте үлкен бақ деп санаймын. Актер болғандықтан қандай рөл бұйырса да, оны үлкен шеберлікпен алып шығу керек сияқты.
Ағайынды Төлеповтер бір кинодан көрініп жатыр. Ата-аналарыңыз балаларының жетістігін көріп, мәз болып жатқан болар...
Әлбетте, олардың қуаныштарында шек жоқ. Артур екеумізді қайта-қайта мақтап, ой-пікірлерін білдіріп жатады. Жетістігімізді көріп, берген сұхбаттарымызды оқып, ақыл-кеңестерін айтып, бағыт-бағдар айтуда.
Кино сіздің өміріңізге қандай өзгерістер әкелді?
Аллаға шүкір, кино көптеген игі өзгерістер ала келді. Бұрыннан келе жатқан арман-мақсаттарға ақырындап қол жеткіздік. Кәсіби біліктілігіміз арттып, шығармашылығымызда жаңа серпіліс орын алды, шүкір.
Байқағаным, аузыңыздан Алланы тастамайды екенсіз. Дінге деген көзқарасыңыз қандай?
Бұрыс емес. Мұсылман баласына міндеттелген парызды шамам келгенше орындап келемін.
Орыс тілінде сұхбат беруден бас тартқаныңызды көріп қалдым. Оның себебін білсек бола ма?
Мен қазақ бола тұра, неліктен орыс тілінде сөйлеуім керек?! Фильм қазақ тілінде түсірілді. Сондықтан да мен тек қазақ тілінде сұхбат беремін. Ол орыс тілін білмегендік я менсінбегендік емес. Орыс тілін де меңгергенмін. Бірақ, қазақ тілінде ғана сөйлеу басты міндетім деп ойлаймын.
Оқырман қауымға айтар тілегіңіз
«Жаужүрек Мың бала» фильміне берген жоғары бағаларыңызға көп-көп рахмет! Сіздердің арқаларыңызда біздің жасаған еңбегіміз шарықтап жатыр. Сіздерге шексіз алғыс айта отырып, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін. Бақтарыңыздан бақ кетпей, әрбір арайлап атар таң тек қуаныш әкелсін!
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер Асылхан Төлеповтың жеке мұрағатынан алынған
Ғ. Ұзақ