- Негізгі бет
- Кино
- Асылхан Төлепов әлеуметтік...
Асылхан Төлепов әлеуметтік желілерде 35 000 хат алды
Елімізді біраз дүркіреткен "Жаужүрек мың бала" фильмінде басты рөлді сомдаған Асылхан Төлепов әлеуметтік желілерде 35 000 жеке хабарлама алды. Актер бұл туралы Tengrinews.kz сайтының тілшісі Роза Есенқұловамен құрған сұхбаты кезінде айтты.
"Өлеңмен, қара сөзбен жазылған 35 мыңға жуық құтттықтау хат келді. Қазақ тілінде де, орыс тілінде де жазылған хабарламалардың бәрін дерлік оқып шықтым. Бірақ, шыны керек, барлығына бірдей жауап беру мүмкін болмады", - деді актер. Асылхан, сонымен қатар, өзінің жұбын интернеттен іздемейтіндігін айтты. "Ғашығымды интернет беттерінен табамын деп ойламаймын. Оны мақсат қылмаймын да. Менің ойымша, махаббат ойламаған жерден жарқ етіп жануы керек. Бірақ бір сырым бар. Бір қызға ғашық болып жүргенімен 2 жылдай уақыт болды. Дегенмен сезімім әзірге жауапсыз", - деп ағынан жарылды.
"Жаужүрек мың бала" фильмінен көрініс
Актерлық білімі бар Асылхан қазіргі кезде диктор мамандығы бойынша Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алып жатыр. "Жаужүрек мың баланың" премьерасынан кейін түрлі сериалдарға түсуге көп ұсыныс болған екен. Дегенмен оқуды алға қойған Төлепов ұсыныстардың барлығынан бас тартыпты.
Естеріңізге сала кетелік, "Жаужүрек мың бала" фильмін бүгін кешке сағат 22.00-де Хабар арнасынан тамашалай аласыздар.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: quorum.kz, kazakhfilmstudios.kz