- Негізгі бет
- Тұлға
- Антонино Интеризано: "Сахнаға...
Антонино Интеризано: "Сахнаға елге рухани сый жасау үшін шығамын"
Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Казкоммерцбанк» АҚ өтіп жатқан ІІІ Халықаралық опера және балет өнерінің фестиваліне арнайы шақырылған итальяндық тенор Антонино Интеризаномен болған сұхбат.
Антонино, Қазақстан жайлы бұрын соңды естіген бе едіңіз?
Қазақстан жайлы аса көп біле бермейтінмін. Мәдениетінен де бейхабар едім. Ал мынадай театрды көріп қатты таңдандым. Ғимараттың сыртқы көрінісі алыстан қарағанда көздің жауын алады. Сәулеті де әдемі. Мынадай театры бар ел, әлбетте, өнерді жоғары бағалап, ерекше құрмет білдіреді. Алматы ұнап жатыр. Биік таулар өзіне баурап тұратындай. Біртіндеп сіздердің тұрмыс-салттарыңызбен танысып жатырмын. Бір әттеген-ай болмаса...
Қандай?
Ұйқым қанбай жүр. Жергілікті уақытқа үйрене алмай жатырмын. Дайындық жасайтын уақытта мен әдетте демалушы едім.
Қазақстандық әртістердің өнерін қалай бағалайсыз? Дайындық қалай өтуде?
Өте жақсы. Кәсіби біліктілігі мықты. Тек бір кемшілігі, итальян тілін жөнді меңгермеген. Акцентпен сөйлейді. Ол, әрине, заңды. Себебі, бөтен елдің тілінде ән шырқау екі есе қиын. Жалпы айтар болсам, жергілікті әртістердің қабілеттері жоғары, дайындықтары жақсы.
Ел алдында шығар кезінде толқып жатасыз ба?
Дайындықсыз шықсам, әрине, толқып жатамын. Мен сахнаға өз өзіме жүз пайыз сеніп артып, бар өнерімді көрсетіп, елге үлкен рухани сый жасау үшін шығамын. Содан болар, аса көп уайымдамаймын.
«Турандот» операсындағы басты кейіпкер Калаф ханзаданың партиясын айтады екенсіз. Бұл күнге дейін «Турандотта» қанша мәрте бой көрсеттіңіз?
Қазақстандағы «Турандотты» қосқанда отыз жеті.
Керемет! Ал сүйікті партияларыңыз қандай?
Менің сүйікті партиям – ол дәл қазір орындап жатқан партиям.
Яғни, бөліп жармайсыз ғой?
Иә
Ал қандай партияларды шырқауды армандайсыз?
Құдайға шүкір, мен көптеген арияларды шырқап, өзіме сенім артып тапсырған партияларды орындап жүрмін. Осыған да ризамын. Шүкір! Тіпті, менде қандай партияны айтсам екен деген ой да болмайды.
Құдайға шүкіршілік білдіріп жатырсыз. Дінге көзқарасыңыз қандай?
Көзқарасым өте түзу. Құдайға сенемін.
Операға қалай келдіңіз? Әлде бұл опера әншісі болуды бала кезде армандаған ба едіңіз?
Жоқ. Операға кездейсоқ келдім. Бірінші мамандығым бойынша, мен аспазшымын. Аспаз болып қызмет етіп жүргенде музыка қосып, тыңдап жүрдім. Әуенге қосылып, ән айта бастадым. Жанымдағы әріптестерім маған қарап: «Браво!» деп қол шапалақтайтын. Содан кейін олар: «Былай жүргенің жарамас. Кең тынысты даусың бар. Бойыңдағы қабілетті шыңда. Білім ал» деп ақыл-кеңестерін айтып жатты. Содан кейін мен Кати Риччиарелли есімді итальяндық опера жұлдызына барып, дәріс алдым. Кейін Паваротти мектебінде оқыдым. Аспаздық қызметімді тастап, опера әншісі болып кеттім.
Операға кеш келген екенсіз ғой
Иә, 25 жасымда келдім. Қазір 35 жастамын. Сахнада жүргеніме 10 жылдың жүзі болды.
Отбасыңыз жайлы айтсаңыз
Үйленгенмін. Бір қызым бар. Жақында тағы бір сәбидің әкесі атанамын. Келіншегімнің аяғы ауыр.
Қызыңыздың өнерге жақындығы бар ма? Сіздің жолыңызды қуып, өнерпаз болса, қарсылық білдірмейсіз бе?
Кім болса да, өзі қалаған маман иесі болсын. Ісіне адал әрі жауапты болса, мен соған қуанамын. Әрине, әке ретінде мен оған бағыт-бағдар берермін. Бірақ, өзі таңдасын.
Келіншегіңіз аман-есен аяқ-қолын бауырына алсын деп тілек айтамын
Рахмет!
Ал біздің өнерсүйер қауымға қандай тілек білдіресіз?
Ең әуелі, сіздерге алғысымды айтқым келеді. Барлық музыкалық жанр өзінше ерекше. Алайда, олардың барлығы операдан бастау алады. Сіздерге айтарым операны сүйіп, тыңдай біліңіздер. Кішкентай балаларыңызға опера тыңдатып, театрға әкеліңіздер. Себебі, операны тыңдаған жанның жаны таза болады. Ол тек әсемдікке, жақсылыққа ұмтылады. Сіздерге тілерім күндеріңіз жақсылыққа, игі істерге толы болсын!
Айтқаныңыз келсін! Әңгімеңізге көп рахмет!
Оқасы жоқ. Жаңадан бері маған сұрақ қойып едің, енді менің сұрағыма жауап берсең
Жарайды, құлағым сізде
Операға деген көзқарасың қандай?
Өте жақсы. Мен өнер десе жанын беретін жанұяда өскенмін. Мені бала кезден өнерге баулыған ата-анама үлкен рахмет. Операның отанынан келген сіз сияқты жандармен жүздесіп, сұхбаттасқаныма қуаныштымын
Олай болса, сен, міндетті түрде, Италияға келіп, нағыз операны тыңдап кет.
Жарайды, амандық болса, өзіңіз қатысатын Италиядағы қойылымдарға барармын. Ниетіңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Ғазиза Ұзақ
Ғ. Ұзақ