- Негізгі бет
- Тұлға
- Қорлан Картенбаева: "Мен...
Қорлан Картенбаева: "Мен өз аспабымды тапқандаймын"
Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Қорлан Картенбаеваның сұхбаты.
Қорлан, сізді көпшілік қауым «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің белді мүшесі, жетіген аспабын шебер ойнайтын дарын иесі деп біледі. Жетіген аспабына деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды?
Қазақ халқының көне аспаптарының бірі саналатын жетігенге қызығушылығым студенттік шақтарда басталды. Сиқырлы үнге бай, сырлы сазды аспап мені бірден баурап алды. Мен өз аспабымды тапқандай болдым. Аспапты тереңірек түсініп, оны шебер орындауға ұстазым, ғалым-зерттеуші Нұргүл Бижанқызы Жақыпбек ықпал етті. Әлі күнге дейін ұстазыммен шығармашылық бағытта жұмыс істеп, ақыл-кеңес сұрап отырамын.
Бұрындары жетіген аспабы жеті ішекті, әр ішектің арасында асықтар болатын. Қазіргі түрі өзгеше. Баяғы мен қазіргі жетігеннің айырмашылығы қандай?
Иә, көне жетіген түрі өте қарапайым, жеті ішегі және тиектің орнына асықтар болған. Бұл жетіген түрімен көбіне көне аңыз-күйлер орындалады. Өкінішке орай, жетігеннің көне түрін жасайтын елімізде шеберлер жоқтың қасы. Әсіресе, асықты жетіген түрін жасап шығаратын шеберлер мүлдем жоқ. Сондықтан да біз көне күйлерді тоғыз ішекті жетігенмен орындаймыз. Келешекте жетігеннің көне түрін жасап беретін шеберлер табылып жатса, оған біз тек қана қуанар едік. Ансамбльдер мен оркестрлерде шығарма-күйлерді орындау мүмкіндігін кеңейту мақсатында қазіргі жетіген түрін жасаған болатын. Қазіргі жетіген түрін жасауға Болат Сарыбаев, Нұрлан Әбдірахман, Нұргүл Жақыпбектердің еңбектері үлкен септігін тигізген. Жетігеннің көне түрі мен қазіргі түрі бір-бірінен ішектердің саны мен дыбыс күшімен ғана ерекшеленеді. Бар айырмашылық осы.
Орындаушы мен музыкалық аспап арасында үлкен байланыс бар деп жатады. Қолыңыздағы ою-өрнектер қашалған әдемі аспабыңыз жайлы айта кетсеңіз.
Ежелден-ақ кез келген музыкалық аспап үн шығаратын аспап қана емес, сонымен қатар, екі дүниені байланыстырушы құрал әрі орындаушының серігі болған деген деректер бар. Бұл сөздің де жаны бар сияқты. Себебі, кез келген музыкалық аспап орындаушының болмысына, мінезіне сай уақыт өте келе ыңғайланады. Осыған байланысты аспаптың дыбысы мен бабы да бейімделеді. Сондай-ақ, мұның барлығына аспап жасауға жұмсалатын материал сапасы, шебердің қолы ықпал етеді. Қолымдағы аспабымды шебер Нұрлан Әбдірахман жасап берген.
Жетіген аспабын меңгерген жандар жоқтың қасы. Бірақ сіз ұстаздарыңыздың ізін жалғастырып, жетіген аспабында ойнаудан дәріс беріп жүрсіз. Ұстаздық қызметіңіз туралы, шәкірттеріңіз жайлы айта кетсеңіз.
Жетіген аспабы көбіне фольклорлық ансамбльдер мен оркестрлер құрамында ғана қолданылып келген. Соңғы жылдары жетіген аспабында жеке орындаушылық өнері даму үстінде. Жақын күндері Ықылас мұражайында жетігеншілер бас қосып, үлкен концерт береміз. Жас орындаушылардың жетігенге қызығушылығы күн сайын артып келеді. Ең алғашқы қызметімді дәріс беруден бастаған болатынмын. Мен үшін шәкірттерге өз білгенімді үйретіп, олармен шығармашылық байланыс орнату ардақты істің бірі. Қазіргі таңда К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінде, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының мектеп-студиясында жетіген аспабынан дәріс беремін. Уақытым болып жатса, шалғайдан келген музыкалық колледждер мен университеттерде білім алып жатқан, аспапты үйренуге ниетті жас орындаушыларға қысқа мерзімді дәріс беремін. Шәкірттерімнің жетістіктеріне қуанамын.
«Тұран» этно-фольклорлық ансамблі бірнеше елде өнер көрсетті. Шетел азаматтары сиқырлы аспап саналатын жетігенді қалай қабылдайды?
Қазақ халқының кез келген музыкалық аспабы өзіне тән қоңыр үнімен әрі өзіндік дыбыс сипатымен ерекше. Қай елге бармасақ та, шетел тыңдармандары қазақ музыкасынан алған әсерлерімен бөлісіп, аспаптарға деген қызығушылығын өте ерекше толғаныспен айтып жатады. Тіпті, кейбіреулері жетіген аспабының дыбысына сүйсініп, аспаптан дәріс беруімді өтінген болатын.
Жетіген аспабын серік еткен өнерпаздардың арасынан топ жарып, алғашқылардың бірі болып алдағы күні күйтабақ шығарғалы жатыр екенсіз. Күйтабағыңыз жайлы айта кетсеңіз.
Бұл аспапты ерекше жақсы көргендіктен арнайы күйтабақ шығару бұрыннан бері келе жатқан үлкен армандарымның бірі еді. Былтыр 2011 жылдың 25 мамыр айында Қазақконцерт залында жетіген аспабының орындауында тұңғыш «Сырлы сазды жетіген» атты жеке есеп беру концертімді өткізген болатынмын. Концерттегі тыңдармандарының ерекше қызығушылығын көріп, жаңа шығармашылық әсер мен күш алғандай болдым. Концертке келген халықтың санында шек болмады. Шынымды айтсам, халықтың осылай көп жиналатынын күтпеген едім. Есесіне халық аспапты қалай қабылдар екен деген қорқыныш та болды. Шығармашылық ізденістің жалғасы ретінде енді жетіген аспабының орындауында «Толқын легі» атты тұңғыш күйтабағымды шығарудамын. 2012 жылдың 4 маусымында Тұңғыш Президент Қорының концерттік залында күйтабағымның тұсаукесер кешін өткіземін. Бұл күйтабақта жетігенге лайықталып шығарылған халық сазгерлерінің күйлері мен өз шығармаларым енді. «Толқын легі» - сиқырлы саз бен әуезді үнге толы аспаптың бар байлығы мен болмысын көрсететін, қазақ өнеріндегі жетіген аспабымен шығарылған алғашқы күйтабақ.
Неліктен «Толқын легі» деп атадыңыз?
Алғашында күйтабаққа қандай ат беру туралы көп ойландым. Кейін өз шығармамның атын беруді жөн санадым. Күйтабақ пен оның атауы өзара үйлесім тауып, бір-біріне лайықты болып көрінді. «Толқын легі» атты күйім бар. Ерекше шығармаларымның бірі.
Қай кезден бастап ән-шығарма жаза бастадыңыз? Алғашқы қандай шығарма жаздыңыз?
Мектепте оқып жүрген кезде кішігірім әуендер шығаратынмын. Бірақ оны өзім ермек, әуес ретінде көрдім. Есейе келе жақсы әуендер ойыма орала бастағанда, оны дереу жетігенге түсіріп көрдім. Анам алғашқы тыңдаушым әрі сынаушым ретінде өз пікірін айтатын. Сол кісіге ұнаған соң, біртіндеп шығара бастадым. Ал «Тұран» ансамблінің шығармаларын жаздырғанда жетіген партияларын өз ойымнан шығарып көркемдейтінмін. Сонымен қатар, қазақ эстрадасының белгілі әншілерінің орындауындағы әндерді жетіген дыбысымен көркемдеп жүрдім. Фильмдер мен телехикаялар музыкасын көркемдеуге ат салыстым. Осындай кішігірім тәжірибелер арқылы өз шығармаларымды шығара бастадым. «Шаттық», «Толқын легі», «Көңіл сыры», «Тарих шежіресі» сияқты ән-күйлерім бар. Алғашқы әнім Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Көңіл сыры» әні.
Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
Алға қойған жоспарларым өте көп. Әрине ол үшін көп еңбек ету қажет. Ең басты мақсатым – қазақ музыка өнерін әлемге танытып, дамуына үлкен үлес қосу.
Әңгімеңізге рақмет!
Суреттер Қорлан Картенбаеваның жеке мұрағатынан алынған
Ғ. Ұзақ