- Негізгі бет
- Музыка
- "Сырлы сазды жетіген"...
"Сырлы сазды жетіген" атты музыкалық кеш өтеді
Алматы қаласындағы Ықылас атындағы Мемлекеттік ұлттық аспаптар мұражайында 30 мамыр, сәрсенбі күні сағат 19.00-де «Алматы – шабыт қайнары...» шарасының аясында «Сырлы сазды жетіген» атты музыкалық кеші өтеді. Кештің басты мақсаты – көнеден келе жатқан қазақтың ұлттық музыкалық аспабы жетіген аспабын кеңінен насихаттап, төл дәстүріміздің дамуына үлес қосу.
Музыкалық кешке бағзыдан бастау алған ұлттық дәстүрлі өнерімізді бұл күнде дәріптеп, атадан қалған аманатты арқау еткен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының ұстазы, ғалым-зерттеуші Нұргүл Жақыпбек пен жас өнерпаздар Картенбаева Қорлан, Күлжанова Гүлжанат, Оспанова Балжан, Тұрсынқызы Мөлдір, Мүсірепова Жадыра, Нұрмолдаев Серік, Исаев Нұрболат, Дүкетбаева Айгерім, Окманова Диляра және т.б. дарын иелері қатысады. Кеште халық әндері, қазақ және шетел сазгерлерінің күйлері мен авторлық шығармалар орындалады.
Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының ұстазы, ғалым-зерттеуші Нұргүл Жақыпбек:
"Атам қазақ: «Көзден кетсе, көңілден кетеді» дейді. Қилы кездерде талай рухани байлығымыздан айырылдық. Көптеген аспаптар сұранысқа ие болмай, жоғалып кетті. Бірақ, Болат Сарыбаев ағамыздың арқасында төл өнеріміз халқымен қайта қауышты, көзден таса болған талай аспабымыз өмірге келді. Ағамыз бастаған сара жолды жалғастыра отырып, бүгінде біз де өз өнерімізді жұртшылық назарына кеңінен танытуға ат салысу үстіндеміз. Жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, бұрынғы күніміз бүгінде қайта жаңғырып жатқан заманда төл өнерімізді насихаттау шаралар ауадай қажет. «Сырлы сазды жетіген» атты музыкалық кеште көрермен қауымды қазақ халқының тағылымды мұрасымен кеңінен таныстыруды көздеп отырмыз."
Жетігенші Гүлжанат Күлжанова:
"Жетіген аспабы көзі қарақты қауымға бұрындары таңсық болса, соңғы кездері бірте-бірте танылып келе жатыр. Жетіген аспабын кеңінен таныстыруға өткен ғасырларда Болат және Талғат Сарыбаевтар белсене ат салысса, қазіргі таңда ұстазымыз Нұргүл Жақыпбек сүбелі үлес қосуда. Кеште ұмыт болған халық әндері мен күйлерін аспап сүйемелдеуімен орындаймыз."
Жетігенші Қорлан Картенбаева:
"Басты мақсат - қалың көпшілікті жетіген аспабымен жақынырақ таныстыру. Жетіген тыңдарман қауымға жағымды әсер сыйлайтын сиқырлы сазға бай аспап. Өкінішке орай, аспапта шағын әуендерді ғана ойнап қоятын орындаушылар бар. Олар аспаптың қыр-сырын біле бермейді, есесіне, оның зор мүмкіндіктерін көрсете алмайды. Кеште қазақ халқының күйлері мен әндерін ғана емес, танымал шетел шығармаларын орындап, оның жан-жақты алып аспап екенін дәлелдейтін боламыз."
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, Алматы қаласында «Мәдениет жылы» аясында өткізілетін бұл игі шара қала тұрғындары мен шаһар қонақтарына тағылымы мол рухани тарту болып табылады.
Ұйымдастырушылар: «Via Communications» байланыс тобы, «Абай халықаралық клубы», Ықылас атындағы Мемлекеттік ұлттық аспаптар мұражайы
Ақпараттық демеуші: Horde.kz блог плотформасы, Artparovoz порталы, 4DClic
Өтетін жері: Ықылас атындағы Мемлекеттік ұлттық аспаптар мұражайы. Келем деушілерге есік ашық.
Суреттер: Қорлан Картенбаеваның жеке мұрағатынан алынған
Ғ. Ұзақ