Әли Оқапов: "Жеке концерт беру ойда бар"

Әли Оқапов: "Жеке концерт беру ойда бар"

Кеше, маусымның 24-ші жұлдызында қазақ эстрадасында заманауи бағытта ән шырқап жүрген Әли Оқаповтың жаңа күйтабағының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге әншінің жақын достары мен әріптестері, БАҚ өкілдері қатысты. Назарларыңызға Massaget.kz тілшісінің Әлиден алған сұқбатын ұсынамыз.

- Жаңа күйтабағыңызды шығару үшін жүргізілген жұмыстар қалай өтті? Оны дайындау үшін не себепті көп уақыт жұмсадыңыз?

- Сырт көзге ұзақ уақыт болып көрінетінін түсінемін. Алайда мен үшін олай деуге келмейді. Күйтабақ шығармай кететін де әншілер бар. Мысалы, менің сүйікті кумирлерім Орда тобы алғашқы күйтабағын 10 жылдан кейін бір-ақ шығарған. Бастапқыда дұрыс болмай қала ма деп уайымдадым. Артынша көп тәжірибе жасап, оны халыққа таныстыратын кез келді деп шешім қабылдадым. Дәл қазір екінші күйтабағымның жұмыстарымен айналысудамын. Алдағы уақытта көп созбай, жыл сайын шығарып тұруға тырысамын.

- Әндеріңізді бірнеше студияда жаздырдыңыз. Көмектесу үшін арнайы продюсер немесе өңдеуші шақырдыңыз ба?

- Мен өзіме өзім продюсермін. Күйтабағымдағы 15 өлеңнің 13-ін өзім жаздым. Әндердің барлығын «Shine production» студиясында жаздырдық. Жалпы дайындық барысында 40 адамдай еңбектендік. Арасында Павел Ли мен Мәди Меңдоллаев те бар.


- Күйтабағыңызда 2 дуэт көрсетілген. Оларды кіммен бірге орындайсыз?

- Алғашқы дуэтті өткен жылдың соңында ресейлік әнші Music Hayk-пен бірлесіп жаздық. Ал екінші дуэтті менің құрбым, сахнадағы әріптесім Луинамен бірге орындадық.

- Сіз анаңызға арнап бейнебаян түсірдіңіз. Ол жердегі мақсатыңыз қандай болды?

- Біріншіден, бейнебаян түсіріп ақша тапқым келмейтіндігін айтқым келеді. Халыққа клипмейкер ретінде танылғым келмейді. Бар болғаны анама көмектессем деймін. Әрі өзім бейнебаяндарыма екінші режиссер болғандықтан, белгілі бір дәрежеде тәжірибем бар. Неге анама бір нәрсе түсіріп көмектеспеске деп ойладым...


- Альбомыңыздың тұсаукесеріне кімдерді қонаққа шақырдыңыз?

- Шоу бағдарламамыз өте жинақы, қысқа ғана. Тәжірибемнен шоу бизнес өкілдері кештерде ұзақ жүрмейтінін жақсы білетіндіктен, бағдарлама тек 1 сағатқа созылды. Қонақтарым – The Jigits тобы, менің әріптестерім мен достарым, алғашқы ұстаздарым Орда, Ринго, Луина және алғашқы жобам Роза Мұқатаева.  

- Альбом шығару оңай жұмыс емес. Таралуына көмек болсын деген ниетпен қандай іс-шара ұйымдастырудасыз?

- Жақын уақытта Көк-Төбеде ән шырқаймын. Келем деушілерге есік ашық. Жанкүйерлерімді толық шақыруға мүмкіндік болмағандықтан, арнайы шақырту жіберуге тура келді. Алдағы уақытта жеке концерт беру ойда бар.

- Жастардың талғамынан шығып жүрген әншілер ретінде сізді, Қайрат Нұртасты, Ғалымжан Молданазарды атай аламыз. Үшеуі де поп-музыка өкілдері. Қазақстанның жас әншілеріне деген сыни пікіріңіз қандай?

- Бұған дейін айтып өткенімдей менің алғашқы ұстаздарым – Орда тобы. Мен олардың жанкүйерімін. Ал Ғалымжан Молданазарды бірнеше жыл бойы біліп келемін. Екі жыл бұрын бір топтың құрамында ән айту мүмкіншілігі туған еді. Бірақ сол мүмкіншілікті пайдаланбағанымыз үшін ризамын. Өйткені, мен - Әли Оқаповпын, ол - Ғалымжан Молданазар. Болашақта бірігіп, ортақ бағдарлама жасағымыз келеді.


- Альбомыңызға жалпы қанша ән кірді?

- Барлығы он бес ән.

- Не себепті "Арманға" деп атадыңыз?

- Біріншіден, өмірімде ең алғаш жазған әндердің бірі. Екіншіден, танымал ән. Үшіншіден, ол менің арманға жеткендігімді нұсқайды. Әрине, менің арманым күйтабақ шығару емес, сахнаға шығу болатын. Дәл қазір арманыма жеттім деп ойлаймын.

- Өзгелердің альбомынан несімен ерекшеленеді?

- Соңғы кезде отандық жұлдыздар заманауи бағытта күйтабақ шығарып жүрген жоқ. Орда, Ринго, Кеш ю секілді сұранысқа ие топтардың күйтабағы шыққанына да бірнеше жыл өтіп кетті. Осыны ескеріп, оны неге өзім ұсынбасқа деген ой келді.


- Өлеңдеріңіз қай тілде?

- Екі әннен басқасының барлығы да қазақ тілінде. Қалған екеуі орыс тілінде.

- Әли, сізді жаңа күйтабағыңыздың шығуымен құттықтап, биік самғауда қанатыңыз талмасын дейміз!

- Рақмет!

Арнайы Massaget.kz үшін: Нұрбол Нұрмаханұлы

Сурет: Massaget.kz

Қ. Бүйенбай