- Негізгі бет
- Музыка
- Мөлдір Әуелбекова "КешYou"...
Мөлдір Әуелбекова "КешYou" тобына қайтып келді
Мөлдір Әуелбекова "КешYou" тобына қайтып келді деп хабарлайды massaget.kz тілшісі. Бұл туралы продюсер Баян Есентаева өзінің instagram.com желісіндегі парақшасында жариялады.
Ал қыздардан тұратын топтың бас солисі Жанар Дұғалова Баян Есентаеваның продюсерлігінде жеке әнші ретінде өнер көрсететін болады.
Баян Есентаева Мөлдір Әуелбекованың суретін шығарып, былай деп жазған: "Кешью" тобының құрамындағы өзгерістер туралы көп әңгіме айтылып жүр. "Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды" демекші бұл әңгіменің жаны бар. Біраз себеп-салдардың нәтижесінде мен кезекті бір маңызды шешім қабылдадым. Мөлдір Әуелбекова "Кешью" тобына қайта оралды. Бұл ортақ шешім. Жанар Дугалова (менің продюсерлігімде қалады) бұдан былай жеке шығармашылығымен айналысады, Мөлдір де жеке әншілігін қатар жалғастырады. Бар жаңалық осы".
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін "КешYou" тобының құрамы өзгеретінін жариялаған болатынбыз. Продюсер 2012 жылы Мөлдір Әуелбекова мен Әнел Аринованы белгісіз себептермен топтан шығарған болатын. Бүгінге дейін Мөлдір Әуелбекова "AMG" продюсерлік орталығында жұмыс істеп, "Өсиет" бейнебаянын көпшілікке ұсынған еді. Ал "КешYou" жаңа құраммен бірнеше хит ән жаздырып, екі рет "Астана жұлдызы" жүлдесін ұтып алғанын хабарлағанбыз.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
А. Құлтай