- Негізгі бет
- Денсаулық
- Диетаны мүсінімізге сай...
Диетаны мүсінімізге сай таңдайық
Диетаны қанша сақтасақ та, артық салмақтан арыла алмаймыз. Мұның барлығы да оны сымбатымызға сәйкес таңдамағандықтан болар. Әдетте бойжеткендерге тиесілі мүсіннің (фигура) 4 түрі бар. Олар – алмұрт, алма, құм сағат және банан тәріздес деп бөлінеді. Ал өзіңіздің дене бітіміңіз осылардың қайсысына жататынын анықтау үшін беліңіз бен жамбасыңызды арнайы сантиметрмен өлшеңіз. Егер өлшем 1-0,75 интервалына сәйкес келсе, сіз – «алмасыз», нәтиже 0,75-0,65 болса, сіз – «құм сағатсыз», ал 0,65-0,45 – «алмұрт» және 0,45-тен аз болса, «банан» болғаныңыз. Яғни сыртқы мүсініңіз осы жемістер мен сағаттың пішініне ұқсайды.
«Алмұрт»
Осылардың ішінде ең көп таралғаны «алмұрт» тәріздес пішін. Жамбас пен аяқ өзге дене мүшелеріне қарағанда артық салмаққа толы. «Алмұрт» бойжеткендер артық салмақты жылдам жинап алады. Бір қызығы кеуде мен белі семірмей, бар салмақ аяғы мен жамбасына жиналады. Мұның барлығы да ағзаға крахмалдың көп түсуімен байланысты. Оның зиянынан арылу үшін көкөністерді көбірек жеуге кеңес береміз.
Қалай арықтаймыз?
Таңғы ас: 200 гр сұлы жармасы, 1 банан немесе алма, 1 стақан грейпфрут, апельсин шырыны.
Екінші ас: 2-3 тілім нан және майсыз сыр.
Түскі ас: аздаған еті бар сорпа, пияздан жасалған салат, қызанақ, сәбіз бен иісті желкен, 100 грамм жүзім.
Бесіндік ас: майсыз йогурт, 1 алма мен грейпфрут.
Кешкі ас: үгітілген сыр қосылған көкөніс салаты, 1 тілім нан.
«Алма»
«Алма» тәрізді мүсіні бар қыздардың белі мүлдем жоқ және оны спорттық жаттығулармен кетіруге тырысса да, қолдарынан келе бермейді.
Қалай арықтаймыз?
Таңғы ас: майсыз, аз тұз қосылған гречка ботқасы, 1 грейпфрут, көк шәй.
Екінші ас: 1-2 киви, 1-2 тілім нан.
Түскі ас: балық сорпасы, көкөніс салаты, көк алма шырыны.
Бесіндік ас: майсыз йогурт.
Кешкі ас: майсыз айранға шыланған мюсли, жеміс-жидек салаты.
«Банан»
Мұндай мүсіні бар қыздар өздерін бақытты сезіне алады. Олардың беліне, жамбасына, аяғына және кеуде тұсына артық салмақ жиналмайды. Өкінішке орай, кейде салмақ жетіспейді. Қыпша бел, нәзік иық сынды дене мүшелері жоқ.
Әдетте бұл қыздар тамақты талғап жейтіндіктен, барлығын да жеңіздер деп айта алмаймыз. Барлығынан бұрын ірімшік пен жаңғаққа назар аударған абзал. Бірақ калорияның шамадан тыс көп болуы артық салмаққа әкеліп соқтырады.
«Құм сағат»
Бұл қыздарда артық салмақ иық пен аяққа, сосын жамбас тұсына жиналады. Бұл типке қатысты арнайы диета әрі пайдалы тағамдар тізімін ұсына аламыз.
Пайдалы тағамдар: майсыз балық, күріш, киви, алма, апелсин, майсыз қатық, көкөністер.
Қалай арықтаймыз?
Таңғы ас: 1 жұмыртқа, 100 грамм кез келген көк шөп (көк шөпті салатқа қосу арқылы тұтынасыз), 1 тілім майсыз ірімшік, жұқа қабатпен май жағылған бір тілім нан.
Екінші ас: 1 алма, бірнеше грек жаңғағы.
Түскі ас: 100 грамм көк бұршақ қосылған салат, 1 қызанақ, 2 тауық филесі, 1 жұмыртқа, 1 ас қасық Фета ірімшігі.
Бесіндік ас: 1 алмұрт, 1 тілім майсыз ірімшік.
Кешкі ас: асылған картоп, 1 стақан апельсин шырыны.
Дұрыс арықтау үшін мүсініңіздің қай түрге жататынын анықтап алыңыз. Жоғарыдағы диеталар арықтап, қалаған нәтижеңізге жетуге көмектеседі. Іске сәт!
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: wal.alphacoders.com
Қ. Бүйенбай