Бауыржан Момышұлы туралы фильмінің көрсетілімі өтті

Бауыржан Момышұлы туралы фильмінің көрсетілімі өтті

4 желтоқсан күні Астанада, 5 желтоқсан Алматы қаласында режисер Ақан Сатаевтың Кеңес Одағының Батыры, патриоттық сезімнің иесі, ержүректігімен ел есінде қалған Бауыржан Момышұлы туралы түсірген тарихи сериалының көрсетілімі өтті.

Мәскеу үшін шайқаста ерлік танытқан жазушы туралы фильм түсіру идеясының авторы – "Хабар" агенттігінің ұжымы. Түсірілім жұмыстары Алматы және Минск қалаларында өткен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фильм "Хабар" арнасында желтоқсан айының он жетінші жұлдызынан бастап көрсетіле бастайды.

Бауыржан Момышұлы жары Бибіжамалмен, 1940 жыл, Житомир қаласы

Жиналған қауымға аталған картинаның бірінші сериясы көрсетілді. 1941 жылдың қазан айы. Танка, мотоцикл, жүк көліктеріне мінген немістер баса-көктеп Мәскеуге қарай келеді. Оларға тосқауыл болған 316 атқыштар дивизиясы. Онда аға лейтенант Бауыржан Момышұлы қызмет етеді. Актерлар мен режисерлер, операторлар сол заманды, қанды қырғын соғыс кезіндегі адамдардың күйін сол қалпында беруге тырысқан. Батырдың генерал Панфиловпен таныстығы да әдемі суреттеледі.

Майор Б.Момышұлы

Түсірілім тобының айтуынша, фильмді түсіру барысында Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп Ахметованың еңбегі зор. Күллі қазақ жұртына үлгілі келін бола білген Зейнеп Ахметова фильм туралы Massaget.kz тілшісіне былай дейді:

"Жастарды кітап оқымайды деп кінәлаймыз. Бірақ жастарға үлгі болатын тұлғалар туралы көп айтылмайды. Атамыз ұлттық намысты ту етіп көтеді. Атамыз туралы осыған дейін көп айтылды, қойылымдар қойылды, кітаптар жазылды. Осыған дейін "Ел басына күн туса" деген фильм түсірілді. Бірақ ол фильмде атамыздың жасаған ерліктері ашық айтылмады. Тәуелсіздік алып, бүгінде ештеңені жасырмай айта алатын күн туды. Ақан Сатаев фильмді түсіру алдында "Батаңызды беріңіз" деп алдымнан өткенде-ақ жүрегім дір еткен. Фильм өте ұнады. Ал ерекше ұнағаны – осы кезге дейін көп айтылмаған анамыздың образының толық көрінуі. Ата секілді адамға жар болу екінің бірінің қолынан келмейтін шығар. Ата соғыстан кейін үйіне ай сайын ақша салып тұрып, жылына бір рет келіп, 14 жылдан соң ғана отбасына оралған. Осы 14 жыл бойы шаңырағын шайқалтпай ұстап отырған темірдей төзімді жары нағыз қазақ әйеліне тән парасаттылық, кемеңгерлік көрсеткен. Біраз адам анамызға өсек таратпақшы боп келгенде, "Мен оның серілігін көтеріп отырғанымда, сендер неге көтере алмайсыңдар?" деп оларды үйден қуып шыққан. Бақытжан секілді қазақтың қабырғалы бір азаматын өмірге әкеліп, қасиетті шаңыраққа ұл сыйлаған. Әсел Сағатова анамыздың жас кезіне қатты ұқсайды. Сол анамыздың өкшебасары ретінде, Момышұлдарының ендігі анасы ретінде анамыздың образын толық бергендері үшін қатты ризамын. Хабар агенттігіне, Ақанға тағы да үлкен алғыс айтамын. Фильм 4 сериямен бітуі тиіс емес деп ойлаймын". 

Сурет: inform.kz,e-history.kz

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева