"Титаник" фильмі жаңа форматта көрсетіле бастады

"Титаник" фильмі жаңа форматта көрсетіле бастады

Үлкен апатпен байланысты әлемге танымал бұл махаббат хикаясы өз көрермендерімен жаңа форматта қайта қауышады.

Алғашқы нұсқасы «Ең қымбат фильм» деп танылып, әлемдік рекордты жаңартқан болатын. 11 номинация бойынша «Оскар» жүлдесі мен «Алтын глобус» шарасының 4 жүлдесіне ие болған бұл фильм кинематограф тарихында өшпес із қалдырды.

Әйгілі кино. Әйгілі трагедия. Әйгілі махаббат хикаясы. Джеймс Камеронның романтикалық блокбастері XX ғасырдың ең үздік фильмдерінің қатарынан көрініп, мыңдаған көрермен қауымның ықыласына бөленді. Ал басты рөлдерді сомдаған Леонардо Ди Каприо мен Кейт Уинслет көрермендердің көзайымына айналды.

Жас суретші Джек пен ауқатты әулеттен шыққан Роза лайнерде кездеседі. Араларындағы таныстық үлкен махаббатқа ұласқан сәтте, кеме айсбергпен қақтығысып, қос ғашықты ажал айырады.

Әлемді дүр сілкіндірген айдындағы қайғылы оқиғаның 100 жылдығына орай, «Титаник» фильмі жаңа 3D форматта жарыққа шықты. Жаңа озық технологияларды пайдалана отырып, фильм авторлары көрермендерге аңызға айналған лайнер апатын сезіну мүмкіндігін беріп отыр.

Фильм тұсаукесері 27 наурызда Лондон қаласында фильм авторлары мен актерлерінің қатысуымен өткен болатын. Ресейдегі премьераға фильм авторы Джеймс Камерон арнайы келген.

Джеймс Камеронның айтуы бойынша, танымал фильмді жаңа форматқа көшіру үшін 18 миллион АҚШ доллары жұмсалған. Көшіру жұмыстары 60 аптаға созылған. Күн сайын 300 адам жұмыс істеген.

Жаңа туынды бүгіннен бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды. Әйгілі оқиғаны жаңа форматта тамашалауға асығайық!

Суреттер: tvuniver.ru, kp.ru, pravda.ru

Ғ. Ұзақ