HTC жаңа смартфоны қандай болмақ?

HTC жаңа смартфоны қандай болмақ?

Тайваньдық HTC келесі өнімін ерте таныстыруды ұйғарыпты. Жаңа смартфонның дыбысы мен камерасына көп көңіл бөлінген. Сонымен қатар, смартфондар нарығында жолы болмай жүрген компания өзінің алғашқы смарт-сағатын шығарады.

Нью-Йорк қаласындағы Bloomberg медиа ақпараттық орталығының хабарлауынша, HTC-дің жаңа флагманды смартфоны M9 атауына ие болып, артқы камерасы 20-мегапиксельді сапамен қамданады және алдыңғы камерасы HTC UltraPixel технологиясымен жабдықталады.

Одан бөлек, HTC кәсіби спортшыларға арнап киім тігумен айналысатын америкалық Under Armour компаниясымен бірігіп, смарт-сағат шығарады. Тайваньдық компания қолға тағылатын гаджетті шығарып, басқа нарықта өз бағын сынап көруді мақсат етіп отыр.

Ресми ақпаратқа орай, жаңа өнімдер Барселона қаласында өтетін Mobile World Congress халықаралық көрмесіне қойылады. Аталған көрмеге жыл сайын Samsung Electronics, Microsoft, IBM сынды әлемнің жетекші өндірушілері қатысып келеді. Дегенмен HTC басшылығы Bloomberg таратқан ақпаратқа қатысты еш пікір білдірмеді.

Ендеше бейресми ақпаратқа сүйенсек, компанияның жаңа смартфоны көлемі мен дизайнына көз жүгіртсек өткен жылғы M8 аппаратына ұқсап кетеді. Сонымен қатар, гаджет 8-ядролы Snapdragon 810 процессоры негізінде құрастырылмақ. Одан бөлек толық ақпарат көрме барысында берілетін болады.

Естеріңізге сала кетсек, MWC-2015 халықаралық көрмесі наурыз айының 2-сі мен 5-і аралығында ұйымдастырылады. Ал көрмеге қатысты толық шолу мен баспасөз мәслихаты 1 наурызға жоспарланған.

Сурет: hi-news.ru

Оқи отырыңыз: 

Windows платформасына арналған HTC One (M8) анонсы

HTC ұсынған смартфондардың қосалқы камерасы

HTC — Google Nexus 9 планшетін өндіруші

HTC One Mini ресми түрде таныстырылды

Ж. Өрісбай