16 миллион түсі бар "ақылды" қалам

16 миллион түсі бар "ақылды" қалам
Фото: hi-news.ru

Балалық шағымызда түрлі түсті жуан қалам барлығымызда болған шығар. Оның 10 түске дейінгі түрлері кездесетін, қолға ұстау ыңғайсыз әрі механизмі сынып қала беретін. Алайда мұндай қаламдар оқушы сөмкесіндегі орынды үнемдеуге жақсы, сонымен қатар түрінің ерекшелігімен сыныптастардың қызығушылығын тудыратын. Бүгінгі материалда айтылатын Cronzy қаламы түрлі түсті қаламдардың жаңа деңгейін көрсетеді. 

Cronzy қаламында сізге ұнаған кез келген түсті сканерлейтін арнайы сенсор бар. Ол үшін сізге ұнаған түсі бар қандай да бір затқа қаламды жақындатасыз, содан соң батырманы басасыз. Одан кейін арнайы сия картридждері жұмысқа кіріседі. Cronzy қаламын өндірушілердің айтуынша, қалам 16 миллион түстер мен реңктерді шығара алады. 

Төмендегі видеодан Cronzy қаламының жұмыс істеу процесін көре аласыздар.

Ойлап қарасақ, оны жүзеге асыру мүмкін емес секілді көрінеді. Алайда бірінші прототиптің видеосы оның мүмкін екеніне сендіріп отыр. Қалаған түсіңізді таңдау үшін сканерлеу міндетті емес екен. Ол үшін iOS, Android және Windows Phone үшін арнайы қосымша жасалған. 

Қазіргі кезде Cronzy қаламын өндірушілер Indiegogo сайтында краудфандинг жасап жатыр. Ол жерде осы жобаны жалғастыруға және қаламды жаппай сатылымға шығаруға қажетті 200 000 доллар қаражат жинағалы отыр. 

Тапсырыс жинағына мыналар кіреді: 

– Қалам;
– Қуаттағыш кейс;
– Қуат беру блогы;
– Хаттың қалыңдығына байланысты 5 ауыспалы саптама;
– 2 жинақ сия картриджі;
– Нұсқама. 

Өндірушілер осылардың барлығына бастапқы сатып алушылардан 100 доллар сұрап отыр. Жаппай сатылым кезінде өнімнің бағасы өсетін болады. 

А. Жапатова