Қанат Ислам "қара баланы" сөзбен қағытты

Қанат Ислам "қара баланы" сөзбен қағытты
Фото: massaget.kz

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам 29 қазан күні ганалық Патрик Аллотейге қарсы дайындығы және кездесу алдындағы көңіл-күйімен бөлісті. Өзіне аса сенімді сөйлеген қара құрлықтың "қара баласын" сөзбен де қағытты.

Патрик Аллотей 29 қазан күні Қанатты жеңетініне тым сенімді. Бүгін өткен баспасөз мәслихатында да ганалық әу баста айтқан сөзінен танған жоқ. Қазақстанға Қанатты жеңу үшін, чемпиондық белдіктерді тағынып кетуге келгенін айтты. Ал өз кезегінде арық айтып, семіз шығуды мақсат тұтатын Қанат Ислам бұл жекпе-жекке сақадай-сай екенін мәлімдеді.

- Еее, байқа, қара бала! - деп қағытты Қанат Ислам. "Мен қарсыласымды құрметтеймін. Мықты боксшы. Оның нокаутының өзі менің өткізген жекпе-жектерімнен көп. Дегенмен барлығын шаршы алаң шешеді. Кім мықты, кім әлсіз екенін сонда көреміз. Осы жекпе-жекке көп уақыт дайындалдым. Өз жанкүйерлерімнің алдында барымды саламын. Бұл бір шетінен, маған үлкен бір сынақ та. Себебі, бүкіл жанкүйерлерім қолдау білдіреді, әлем жұртшылығы тамашалайды", - деді.

Айта кетейік, бірінші орта салмақта «WBA Fedelatin» атағына ие Қанат Ислам осы уақытқа дейін 21 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 18-ін нокаутпен ұтқан.

Патрик Аллотей де тәжірибелі боксшы. Осыған дейін кәсіпқой шаршы алаңда 36 жекпе-жек өткізген. Оның 34-де қарсыластарынан басым түскен. Оның 24-де қарсыластарын нокаутпен ұтса, 2 жекпе-жегінде ғана қарсыластарына есе жіберген. Cоңғы рет 24 маусым күні шаршы алаңға шығып, отандасы Сани Идананы жеңген. Жекпе-жектерінің барлығын дерлік Ганада өткізген. Үш кездесуі ғана өзге елде өткен. Кәсіпқой бокста «Улы жебе» деген лақап атқа ие.

29 қазандағы жекпе-жектер Астана уақытымен кешкі сағат 18:00-де басталады. Тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық арнасы көрсетеді.

Ө. Сансызбай