Қанат Ислам: «Қазақстандықтарға жарқын жеңіс сыйлайтыныма сенімдімін»

Қанат Ислам: «Қазақстандықтарға жарқын жеңіс сыйлайтыныма сенімдімін»
Фото: massaget.kz

29 қазан күні қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам Алматыда кезекті жекпе-жегін өткізетін туралы хабарлаған едік. Бүгін осы бокс кешіне орай бірінші баспасөз мәслихаты өтті.

Баспасөз мәслихатына «ZHERSU» ЖШС корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы, әрі боксышының демеушісі Бауыржан Оспанов, кәсіпқой боксшылар Қанат Ислам, Жанқош Тұраров, Жәнібек Әлімханұлы, Руслан Мырсатаев пен Айдос Ербосынұлы қатысты.

Қанат Ислам жаңадан ашылған «Алматы Арена» кешенінде спорттық мансабындағы 22-ші жекпе-жегін өткізеді. Қарсыласы – ганалық Патрик Аллотей. Ол осыған дейін кәсіпқой бокста 36 кездесу өткізіп, 34-де жеңіске жеткен, екі жекпе-жегінде жеңілген. Ал Қанат Ислам кәсіпқой рингте 21 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 19-ын мезгілінен бұрын аяқтаған.

Қазақстандық боксшы орта салмақта «WBA Fedelatin» чемпиондық белбеуін қорғайтын болады. Сондай-ақ, «WBO» (Әлемдік бокс ұйымы) тұжырымы бойынша құрлықаралық чемпион және «IBO» (Халықаралық бокс ұйымы) тұжырымы бойынша халықаралық чемпион атағына таласады.

- Өз елімде жекпе-жегім өтетініне өте қуаныштымын. Бұл – үлкен жауапкершілік те. Қарсыласым да осал емес. Шаршы алаңда өткізген жекпе-жектері менен де көп. Сондықтан да маған нағыз қауқарлы қарсылас деп ойлаймын. Қазақстандықтарға үлкен жеңіс сыйлайтыныма сенімдімін, - деді Қанат Ислам.

Отандасымыз алдағы жекпе-жекке қатысты жоспарларын да жасырған жоқ. 

- Қарсыласымды бірінші раундта ұрып құлатамын деп те айта алмаймын. Бастысы - оған көп жұмыс істетіп, шаршатып барып жеңуді жоспарлап отырмыз. Сол 7-8 раундта ширақ шабуылға шығып, қарсыласты барынша қыспаққа алатын боламын, - деді.

Қанат Ислам алдағы жекпе-жегіне дайындығын Алматыдағы AIBA-ның бокс кешенінде өткізеді. Оған спарринг қарсылас ретінде Жанқош Тұраров, Айдос Ербосынұлы мен Жәнібек Әлімханұлы көмектесетін болады.

Қанат Исламға демеушілік танытып жүрген азамат Бауыржан Оспанов та Алматыдағы бокс кеші мен Қанаттың қарсыласы туралы аз-кем айта кетті. 

- Кәсіпқой бокста мықты боксшылармен жекпе-жек ұйымдастыру өте қиын. Қанат өзін әлемге тынытып үлгерген боксшы. Кім көрінген Қанатпен жұдырықтасуға келісе бермейді. Алда Патрик Аллотейді жеңіп, чемпион атанса, онда рейтингте жоғарылап, чемпиондық атаққа таласуға жақындай түсетін болады. Ол кезде ұйымдардың өзі үздік боксшыларын Қанатпен жұдырықтасуға міндеттейтін болады. Жекпе-жекті «Қазақстан» мен «KazSport» арналары тікелей эфирден көрсетуді жоспарлап отыр. Өзге шетелдік арналар да көрсететін болады.  Ал Алматыдағы жаңа аренаға 13 мың жанкүйер сыяды, - деді.

Сондай-ақ, Бауыржан Оспанов мырза бокс кешінің билеттері де қолжетімді бағада болатынын айта кетті. Өзге елдерден де бұл жекпе-жекті келіп көруге ниет білідіріп отырғандар баршылық екен. Билет мәселесі 1 қазанға дейін шешілетін болады.

Баспасөз мәслихаты барысында Қанат Исламның жаттықтырушысы Нельсон Лопес те алдағы жекпе-жек туралы жоспарларымен бөлісті.

- Қанат Ислам үшін – алдағы жекпе-жек аса маңызды. Бар ойымыз алдағы кездесу туралы. Патрик Аллотей Қанаттың спорттық мансабындағы ең қауқарлы қарсыластарының бірі болмақ.  Менің 7 жылдан бері жаттықтырып келе жатқандағы мақсатым – Қанат Исламды әлем чемпионы етіп шығару. Осы жекпе-жекте жеңіске жетсек алда әлем чемпионы атағына таласу үшін келіссөздер жүргіземіз, - деді жаттықтырушысы.

Айта кетейік, Қанат Ислам кәсіпқой бокстағы 21-ші жекпе-жегін мамыр айында АҚШ-тың Флорида штатында өткізіп, қарсыласы Хуан де Анхельды алтыншы раундта жеңіп шыққан болатын. 

Ө. Сансызбай