Олимпиадаға қатысатын кіл мықтылардың допинг сынамасы қайта тексеріледі

Олимпиадаға қатысатын кіл мықтылардың допинг сынамасы қайта тексеріледі
Фото: thetimes.co.uk

2012 жылы Лондон Олимпиадасына қатысқан жүзге жуық спортшының допинг сынамалары жаңа әдіс бойынша қайта тексеріледі. Сондай-ақ осы жылы Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарына қатысатын кіл мықты спортшылардың допинг сынамасы да қайта тексеруден өтеді. Бұл туралы ХОК-тың медициналық директоры Ричард Баджетт мәлімдеп отыр.

- Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындары алдында Лондон Олимпиадасына қатысқан жүзге жуық спортшының сол кезде тапсырған допинг-тестін қайта тексереміз. Біз дүниезжүзілік допингке қарсы ұйыммен (WADA) тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Қай елдің спортшыларын тексеру керек екенін де білеміз. Сондай-ақ Рио Олимпиадасында жүлделі орыннан көрінуі мүмкін спортшылардың да допинг нәтижесі қайта қаралатын болады, - деді Ричард Баджет «The Times» басылымына берген сұқбатында.

Допингке қарсы тексеруде Ресей, Кения мен Эфиопия елінің спортшыларына баса назар аударылмақ. Себебі, бұл елдің спортшылары соңғы жылдары допинг дауына жиі ілігіп жүр.

Лондон Олимпиадасы алдында 5 000-ға жуық спортшыдан допинг-тест алынған. ХОК бұл допинг-тест нәтижелерін сақтап отыр. Себебі, алдағы уақытта ғылым мен техниканың дамуы – спортшының допинг қолданған, не қолданбағанын нақты анықтап беруге жол ашуы мүмкін екен.

- Біз спортшылардың допинг нәтижелерін 8-10 жылға дейін сақтаймыз. Себебі жыл өткен сайын ғылым дамып келеді. Алдағы уақытта спортшының допинг қолданған, не қолданбағанын анықтау да оңай болуы мүмкін. Сондықтан да Лондон Олимпиадасындағы тест сынамаларын әлі 4-5 жыл сақтайтын боламыз, - деді Ричард Баджет.

Осыған дейін Ричард Баджет 2008 жылы Пекиндегі Олимпиадаға қатысқан спортшылардың допинг сынамасы қайта қаралып жатқаны туралы хабарлаған болатын. Оның қорытындысы жақын уақытта белгілі болмақ.

Айта кетейік, Бразилиядағы жазғы Олимпиада ойындары 5-21 тамыз аралығында өтеді.   

О. Сансызбай