- Негізгі бет
- Маккала
- Рио Олимпиадасына қанша...
Рио Олимпиадасына қанша жолдама бұйырады?
Тура бір жылдан кейін, нақтырақ айтсақ 5 тамыз күні Рио-де-Жанейрода ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. Төрткүл дүниенің кіл мықтылары бақ сынайтын дүбірлі додаға әлем назары ауатыны анық. Бүгінде Бразилиядағы аламанға берілер жолдама жолындағы жарыстар басталып кетті.
Рио-де-Жанейрода қазақстандық спортшылар жетінші рет Олимпиада ойындарына қатысады. 2012 жылы Лондонда өткен бәсекеден кейін әлем жұртшылығы Қазақстан құрамасының да қарымы жайлы сөз ете бастаған-ды. Енді қазақстандық спортшылар Ұлыбританиядағы жетістікті Бразилияда жалғастыра білсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінде Қазақстан құрамасы Риодағы Олимпиадаға 110 спортшыдан кем апармау мақсатын алға қойып отыр.
Қазақстан жазғы Олимпиада ойындарына алғаш рет 1996 жылы қатысты. Атлантада (АҚШ) өткен додада еліміздің намысын 96 спортшы қорғады. 14 спорт түрінен жарыс жолына шығып, 3 алтын 4 күміс 4 қола жүлде (жалпыкомандалық есепте 24-ші) еншілеп қайтты. Араға 4 жыл сала Сиднейде өткен Олимпиадада ұлттық құраманың құрамы арта түсті. 130 спортшы 17 спорт түрінен бақ сынап қайтты. Бірақ, қорытынды нәтиже Атлантадағыдан төмендеу болды. Отандастарымыз 3 алтын 4 күміс (жалпыкомандалық есепте 22-ші) еншіледі. 2004 жылы Афинада өткен Олимпиада Қазақстан құрамасы үшін сәтті бола қоймады. 17 спорт түрінен сынға түсуге барған 119 спортшы 1 алтын 4 күміс 3 қола медаль (жалпыкомандалық есепте 40-шы) иеленді.
Қазақстан құрамасы ең көп құраммен барған Олимпиада – Бейжің. 2008 жылы «аспан асты елінде» өткен додада еліміздің намысын 132 спортшы қорғады. Сондай-ақ, қазақстандықтар 22 спорт түрі бойынша медальдарға таласты. 2 алтын 4 күміс 7 қола еншілеген отандастарымыз жалпыкомандалық есепте 29-шы орынға тұрақтады.
Қазақстандық спортшылар ірі жетістікке жеткен Лондон Олимпиадасына ұлттық құрама 115 спортшымен аттанған еді. 20 спорт түрінен сынға түскен отандастарымыз 7 алтын 1 күміс 5 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 12-ші орыннан көрінді. Бұл - ұлттық құраманың рекорды.
Наурыз айында танымал «Infostrada» зерттеу орталығы 2016 жылы Риода өтетін олимпиада ойындарында қай ел қанша медаль алатыны туралы болжам жасаған еді. Агенттіктің болжауынша, Қазақстан Рио олимпиадасында 6 алтын, 4 күміс, 3 қола медальмен жалпы есепте 14-орын алуы мүмкін. Риода боксшылар Біржан Жақыпов, Жәнібек Әлімханұлы (суретте қызыл формада), Данияр Елеусінов пен Мерей Ақшалов алтыннан алқа тағады деп болжаған. Алайда тізімдегі боксшылардың ішінде Мерей Ақшалов спорттан кеткені белгілі. Сондай-ақ ұйым ауыр атлеттер Зулфия Чиншанло мен Владимир Седов Риода алтын алады деп болжайды.
«Пекин пен Лондонда чемпион атанған ауыр атлет Илья Ильин мен ауыр атлетикадан алғаш әлем чемпионатын ұтқан қазақ Жасұлан Қыдырбаев, боксшылар Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычко күміс алады» - дейді зерттеу орталығы. Үш қоланы Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), Берік Әбдірахманов ( бокс) және Қайрат Ералиев (бокс) иеленеді деп тон пішкен. Мұны уақыт көрсете жатар. Мәселен 2012 жылы «USA Today» басылымы «Қазақстан 2012 жылғы Олимпиадада 5 алтын алады» деп болжаған болатын. Қазақстан құрамасы бұл межеден асып, әлемге өзін танытқан еді.
Қазақстан құрамасы Рио-де-Жанейродағы Олимпиадаға 110 спортшыдан артық құраммен баруды көздеп отыр. Сондай-ақ отандастарымыз қатысатын спорт түрінің санын 25-27-ге дейін жеткізуді мақсат тұтуда. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ельсияр Қанағатов мәлімдеген болатын.
- Біз соңғы жазғы Азия ойындарында 28 алтын медаль иеленіп, Риода жоғары нәтиже көрсете алатынымызды тағы бір дәлелдей білдік. Олимпиададағы соңғы нәтижелерімізді саралай келе, 2016 жылы Риода өтетін Олимпиадаға 110-нан артық жолдама иеленіп, 25-27 спорт түрінен қатысуды көздеп отырмыз. Әрине, біздің құрама жыл өткен сайын жоғары нәтижеге ұмтылары сөзсіз. Сондықтан, 110 жолдама бас бапкерлерге қойылған - нақты меже, - деген еді.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 12 жолдама бар. Атап айтар болсақ, бокстан АРВ жобасы аясында Берік Әбдірахманов пен Біржан Жақыпов, WSB жобасы негізінде Василий Левит жолдаманы иеленіп үлгерді. Жеңіл атлетикадан 5 жолдама қоржында: Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру), Виктория Зябкина (100 және 200 метрге жүгіру), Ольга Сафронова (100 метрге жүгіру), Гүлжанат Жанатбек (марафон жарысы) және Ирина Эктова (үш қарғып секіру). Нысана көздеуден де қазақстандықтардың әзірге 2 жолдамасы бар. Мамыр айында АҚШ-тың Форт-Беннинг қаласында өткен әлем кубогында Юрий Юрков жеңімпаз атанып, Елизавета Король алғашқы ондыққа еніп, Олимпиада жолдамасын иеленген болатын. Сондай-ақ қазіргі бессайыс спорты бойынша Елена Потапенко мен жүзуден Дмитрий Баландин келер жылы Риоға жол тартатын болады. 2015 жылдың соңына дейін бұл жолдамалардың саны артары анық. Риоға кем дегенде 100-ден асық спортшымыздың баратынына сеніммен қараймыз.
Рио-де-Жанейро Олимпидасының жолдамалары күзден бастап қызу сарапқа салына бастайды. Қазақстандық спортшылар осы жылы жолдамалар мен лицензиялық ұпайлар тарататын 43 Азия чемпионаты, 31 әлем чемпионаты және 140 әлем кубогы кезеңдеріне қатысады. Жыл соңына дейін бірден Олимпиадаға тікелей жолдама ұсынатын күрес, бокс, жүзу, жеңіл атлетика, ауыр атлетика, байдарка мен каноэде ескек есу секілді спорт түрлерінен кем дегенде 30 жолдаманы иеленуді көздеуде. Ал 2016 жылы отандастарымыз 70 құрлықтық, 52 әлем кубогы кезеңдерінде бақ сынап, Олимпиада жолдамасына таласатын болады.
Айта кетейік, Рио-де-Жанейро Олимпиадасы 2016 жылдың 5-21 тамыз аралығында өтеді.
О. Сансызбай