Берік Әбдірахманов APB жобасында жеңімпаз атанды

Берік Әбдірахманов APB жобасында жеңімпаз атанды

Қазақстандық боксшы Берік Әбдірахманов AIBA Pro Boxing жобасының шешуші жекпе-жегінде өзбек Хуршид Торшибаевты жеңіп, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алды.

APB жобасының 60 келі салмақ дәрежесіндегі барлық жекпе-жектері Астана қаласында өтті. Осыған дейінгі үш кездесулерінде де жеңіске жеткен Берік пен Хуршид жолдама үшін аянып қалмады. Жанкүйерлер алдында намысқа тырысқан отандасымыздың мысы басым екені бірінші раундтардан-ақ байқалды. Сегіз раундқа созылған жекпе-жекте Берік Әбдірахманов қарсыласынан басым түсіп, APB жобасының белбеуін беліне тағынды. Үш төреші де қазақстандық боксшының 77:75, 77:75, 78:74 есептерімен айқын жеңіске жеткенін хабарлады. Нәтижесінде Берік Әбдірахманов 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін өзінің алғашқы Олимпиадасына баратын болады.

Айта кетейік, Берік Әбдірахманов – 2013 жылғы Азия чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Ол Рио Олимпиадасына жолдама алған ұлттық құрамадағы алғашқы боксшы. Өзге жолдамалар WSB жобасы мен Катар астанасы Дохада өтетін әлем чемпионатында таратылады.

Cурет: sk-sport.kz

Оқи отырыңыз

Головкин келесі кездесуін Калифорнияда өткізеді

Мырзағали Айтжанов Венгрияда бақ сынайтын боксшылар есімін атады

Әзірбайжанда «Astana Arlans» клубы сапынан кімдер жұдырықтасады?

Ө. Сансызбай