Пина Бауш: Туындыларым тәніммен жазылған

Пина Бауш: Туындыларым тәніммен жазылған
Фото: www.cult-and-art.net

«Мен не жасасам да, барлығын биші ретінде жасаймын.
Барлығын.»
Пина Бауш

Ол — ХХ ғасырдың ұлы хореографтарының бірегейі. Онсыз модерн-балет осынша әсерлі болмас еді.
Оның есімі — Пина. Болмысы — би.

Ұстаз: «Сен — акробатсың». Ол кезде Пина бұл сөзді түсінбеген. Бірақ, ұстаздың оны айтқандағы дауыс ырғағының ерекше жанашырлықпен шыққаны бойжеткен жанына жылулық ұялатты. Сол мәнерге иланып ергісі келді, сол шеберлікті бойына жиғысы келді. Сол балет сыныбында мәңгіге қалғысы келді. Оның алғашқы балет сабағы осылай өткен. Балалық пәк пиғылдан бастау алған.

Еден мен төбенің арасындағы кеңістікте әдемі әуенге еліте кербездене, керіле ұшып жүрген үлбіреген нәзік аппақ қауырсын.

Пина Эссендегі «Folkwang»  өнер мектебінің деканы Курт Джустың есінде осындай бейнеде қалды. Модерн-балет бағытын жақтаушы ұстаз өз сабақтарында би өнерінің фундаменталды классикалық ережелерімен қоса, еркіндікті сіңіруге тырысып бақты.

Пина Бауш сол кезден би позицияларының таза, мінсіз орындаудан бөлек, өзіне тән ерек сезімталдық пен еркіндік сүйгіштік қасиетін жасырып қалмайтын. Бала кезінен елгезек болып өскен Пина әкесінің қонақүйіне тұрақтаған бейтаныс адамдардың жүріс-тұрысы, эмоциясы мен реакцияларына қарап, іштей зерделеп жүретін.

Осы қасиетінің арқасында жас бишіден асқан соло орындаушысы жоқ еді. Өйткені, Пина тал бойына көрген-білгенінен сүзіп алған көркем дүниенің бәрін сыйдыратын: мүсін өнерінің үздік туындыларындағы дене статикасы, актерлік шеберлік пен тән тілінің үйлесімі, оперетта гротескі мен балет өнеріне тән грация... Бәрін, бәрін..

1958 жыл Бауштың өнер жолындағы ең шарықтаған кезең еді. Эссен өнер мектебін аяқтаған соң, ол Германияға «special student» деген дәрежемен арнайы шақыртылды. Пинаның алдынан Джульярд өнер мектебінің есігі айқара ашылды. Бойжеткен заманауи балет өнерінің Меккесіне айналған Нью Йорк қаласымен де танысып үлгерді.

Жас бишінің өз тәнін жүз пайыз бағындыра алу қасиеті Энтони Тюдорды таңқалдырғаны сонша, ұстаз оны өз тобына қосылуға шақырды. Пина тіл қатпады, оның кербез реверансы кез келген сөзден шебер көрінді. Нью-йорктік арт-сахна оған мүмкіндіктер әлемін ашты. Ал, Пина болса барын салды. Түрлі музыкалық бағыттар мен сезімдерді үйлестіре шарықтай берді.

Metropolitan Opera залының тік тұрып қол соғуы – толағай еңбек, биге деген қайтпас құмарлық пен адами шын бейненің жемісі.

Бұл жердегі 2 жыл жұмыс барысында қимыл мінсіз, сезім терең бола түсті. Дегенмен, Пина өзіндік жаңа жол таңдаймын деген шешіммен, Вупперталь қаласына жеке би тобын жасақтау үшін аттанып кетті.

Оның жаңашыл көзқарасын көрермен ұғына алмады. Қабылдамай қойды. Классиканы қорлады деген пікірмен қойылымның ортасынан тұрып жүре берді. Сыншылар мысқылдап: «Музыканың кереметі сонша, көз жұмып тыңдай берсеңіз де болады» десіп жатты. Ал, балет, хореография турасында бір ауыз тіл қатпады.

Бірақ, Пина жасымады. Керісінше, өзімен ойы ортақ бишілерді топтастырып, тынымсыз еңбектенумен болды. Осының нәтижесінде  «Come Dance With Me» балеттік қойылымы дүниеге келді. Бұл жолы көрерменнің тас жүрегі балқыды. Касса алдында кезек пайда болатынды шығарды. Оларды гострольдік сапарға шақырушылар саны артты. Пина Бауш «Венециялық алтын арыстан» және « Киото жүлдесінің» иегері атанды.  

Пина жетістігіне риза болатын, бірақ ол театр сахнасының қасиетін сыйлайтын. Сол себепті ол өз тәжірибелерін жүзеге асыратын өзге орын, тұрақты мекен тапты. Күн сәулесі түспейтін кішкене залда небір туындылар жарық көріп жатты.  Бұл мекен «Лихтенберг» аталып кетті.

«Рөлдерімнің барлығы менің тәніммен жазылған»

Ол осылай дейтін. Ол өнерге, биге шын берілген жан еді.

«In The Rite of Spring» қойылымында сахнада топырақ төселіп жатқан. Оның иісі бүкіл залды алып тұратын, ал, бишілер құм құрсауында 45 минут шынайы өмір сүретін. «Bluebeard» қойылымында сахна нағыз табиғи жапырақтармен көмкерілсе, «Vollmond» қойылымында сахна су, тас, тіпті, тірі қолтырауындар  мекеніне айналатын.Бұл өнерге деген нағыз ессіз құмарлықтың белгісі еді.

Пина қалампыр гүлін ұнататын. Ал, «Қалампырлар» қойылымы арқылы ол өз атын ешқашан өшпестей етіп жазып кетті. Залға енді енген көрермен көңіліне «Мінсіз дайындық, ерекше безендіру» деген ой келері анық.  Алғашында бишілер тым байсалды қозғалып, сахна толы қалампыр гүлдеріне саусақтарының ұшын да тигізбейді. Ал, екі сағаттан кейін сол пәктіктен ешқандай белгі қалмады. Пина 2 сағат ішінде көрерменге түрлі күй кештірді, олар өмір сапарын 2 сағат ішінде шекті. Бар тәттісін, бар ащысын.

А. Оралқызы