Па, шіркін, Плисецкая!

Па, шіркін, Плисецкая!
Фото: vk.com

Майя Плисецкая — мәнерлі пластиканың, таңғаларлықтай әсерлі секіру, би икемі мен жоғары музыкалық талғамның иесі. Балет би өнерінде жетістікке жетелейтін қасиеттердің барлығын Құдай оған үйіп-төгіп бере салған болатын.

Ерекше өнер иесі балет әлемінде әр жасаған па қимылының көркемдігімен, ерек көрінетін өз стилімен халық жадында мәңгі сақталған. Сахнаға алғаш шыққан кезінен балерина  өзінің трагедиялық рөлдерін әсерлі жеткізу арқылы жұртшылық жүрегіне жол тапты.

Би өнеріне деген ыстық махаббаты оны үнемі шыңдардың шыңына жетелеп, жаңа рөлдерді бірінен соң бірін асқан шеберлікпен сомдап шығуына шабыт беретін. Оның бишілік пластикасының әсемдігінен ләззат алмау мүмкін емес еді.

Майя есімі санскрит тілінде “сағым” деген мағына береді. Плисецкая театр сахнасына шыққан кезде келбетінің көркімен қоса, қимылының сиқыры көрерменді баурап алатын. Тал шыбықтай тұла бойына біткен сұлулығы мен бишілік дарынының  үйлесімділігі қарапайым пендеге емес, нағыз періштеге тән елесімен көрермен алдынан сағымдай өте шығатын. Ол есіміне лайық еді.

XX ғасырдың екінші жартысында би өнеріне келіп, оның тарихында өшпес із қалдырған Майя Михайловна Плисецкая 1925 жылы 20 қараша күні дүниеге келген.Оның әкесі–Михаил Эммануилович Плисецкий, Шпицбергенде консул, «Арктикугольдің» жетекшісі қызметтерін атқарған. Анасы - Рахиля Михайловна Мессерер-Плисецкая, мылқау кино әртісі болған. Балет бишісінің әкесі репрессияға ұшырап, атылғаннан кейін, анасы Отанына опасыздық жасағандардың әйелі ретінде лагерьге жіберіледі. Шымкентке жер аударылған Рахиля 1941 жылы соғысқа 2 ай қалғанда Ресейге қайта келіп, отбасымен қауышады. Анасының бауырлары Үлкен театрдың көрнекті бишілері болған.

Нағашыдан дарыған талант Майядан да табылып, ол 1934 жылы Мәскеу хореографиялық училищесіне оқуға түседі. Содан Плисецкая 1943 жылы 1 сәуірде Үлкен театрға алынып, оған қызықты репертуарлар ұсыныла бастайды.

Ғасырға жуық тағдырының 50 жылын сахнада өткізген Майя Плисецкаяның аты Үлкен театр мен балеттің  символы ретінде аңызға айналды. Плисецкая классикалық репетуардағы барлық негізгі партияладың орындаушысы: "Ұйқыдағы ару" қойылымында Аврора, Глазунов балетінде Раймонд, "Тас гүлде" мыс тауының қожайыны, "Кармен-сюитада " Кармен, "Ромео мен Джульеттада" Джульетта. Балерина үшін арнайы қойылымдар жасалатын. Композитор Родион Щедрин сүйген жары Плисецкаяға арнап балеттер жазды. Батыстық хореографтар Ролан Пети мен Морис Бежар оған арнап "Раушанның өлімі", "Болеро" мен "Айседора" қойылымдарын жазды.

Оның қолдары мен аяқтары қазіргі би өнері талаптарына сай емес еді, оның қимыл қозғалысы нағыз авангард. Сүйегі жоқ адамдай әр партиясына балқып, еніп кететін. Көзіңді ала алмайсың.

Ол нағыз сиқыршы еді. Аққу еді. Қауырсыны оттай жанған жалынқұс болатын...

А. Оралқызы