Димаш тағы екі номинацияға ұсынылды

Димаш тағы екі номинацияға ұсынылды
Фото: vk.com

Миллиондаған жанкүйер жүрегінің төрінен орын алып үлгерген Димаш Құдайберген Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін «2017 MTV Global Chinese Music Awards» шарасының 2 номинациясы бойынша үміткер атанды.

Шараның ресми веб-сайтында (mtv.com.tw) Димаш «Ең үздік шетелдік танымал әнші» және «Ең танымал жаңа әнші» номинацияларына ұсынылған. Ал әр аталымда Димаштан өзге тағы 8 үміткер бар.  

«2017 MTV Global Chinese Music Awards» – Қытайдағы ең ауқымды музыкалық шара. Марапаттау кеші 2 шілде күні Шэньчжэнь қаласында өтеді. Шара барысында 44 үміткер 10 номинация бойынша жеңімпазды анықтайды. Үміткерлер арасында Қытай эстрадасының жұлдыздары бар.

«Ең үздік шетелдік танымал әнші» номинациясында 2016 жылы Корея әншісі Чон Джихун (Rain) жеңіске жеткен болатын.

Димаш Қытайдың «Singer 2017» ән байқауынан кейін, Қытайда «Азияның ең танымал әншісі», «Халықаралық дәрежедегі танымал әнші» және «Жылдың ең танымал әншісі» жүлделерін жеңіп алды.

Ж. Жұмағұлов