The Spirit of Tengri фестиваліне Жапония алғаш рет қатысады

The Spirit of Tengri фестиваліне Жапония алғаш рет қатысады
Фото: moonromantic.com

Жапония музыканттары алғаш рет The Spirit of Tengri заманауи музыкалық этно-фестивалінің бесжылдық мерейтойына қатысады. Аталған фестивальге көрермендерді аралдық мемлекеттің байырғы тұрғындары айны халқының мәдениетімен таныстыратын Oki Dub Ainu Band тобы өнер көрсетеді.

Топтың негізін қалаушы Оки Кано айны халқының тонкори атты музыкалық аспабының дыбысын алғашқылардың бірі болып қалыпқа келтірген.

"Біз бұл командамен ұзақ уақыт бойы келіссөз жүргіздік және олардың осында келгенін қатты қалаған болатынбыз. Музыканттардың өзі де The Spirit of Tengri фестиваліне және басқа ұлттың этномәдениетіне зор қызығушылық танытты", – деді фестивальдің баспасөз қызметінің атташесі Мария Мирная. 

Сонымен қатар, жапондық орындаушылар фестивальге келер алдында қазақстандықтарды және жанкүйерлерін фестивальге шақырып, видео жолдаған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, The Spirit of Tengri фестивалінің бесжылдық мерейтойына бірегей әншілерді жинауға мүмкіндік туды. Фестивальге Ішкі Моңғолияның Nine Treasure фолк-этно-рок-тобы қатысады. Олардың ерекшелігі орындаушылар қызық аспаптардың көмегімен өнер көрсетеді екен, аспаптардың ішінде балалайка да бар.

Еске салайық, қазіргі заманғы этникалық музыканың Қазақстандағы тұңғыш халықаралық фестивалі – The Spirit of Tengri 2013 жылдың 8 маусымында бірінші рет өткен болатын. Оған 11 музыкалық ұжым қатысты. Арасында "Алдаспан", Hapanasasa топтары мен Найя, Қорлан сияқты орындаушылар болды. Фестивальді рок-сахнаның отандық ардагері - "Роксонаки" тобы ашты. Ал былтыр фестивальге 9 мемлекеттен 13 топ қатыcқан еді. Олардың ішінде: Baba Zula (Түркия), "Айирхаан" (Якутия), TRAD.ATTACK! (Эстония), Huun Huur Tu (Тыва), DJ Rizzo (АҚШ), "Арғымақ" (Башқұртстан), Екатерина Ямщикова (Башқұртстан), Tilla Török's Band & Holdviola (Венгрия), "Алдаспан" (Қазақстан), DJ Нариман Исенов (Қазақстан), "Тиграхауд" (Қазақстан), Roksonaki (Қазақстан) және Sintas (Қытай), "Барабаны Алматы" жобасы мен Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның домбырашылары.

Фестивальдің бас серіктесі Kaspi.kz. The Spirit of Tengri фестивалі Алматыда open-air форматында Абай атындағы Республика сарайында 20-21 мамырда өтеді. Шара Алматы әкімдігінің қолдауымен өтеді. Фестивальге техникалық қолдауды KZ Sound компаниясы көрсетеді. Кіру тегін. 

Г. Берік