"The Spirit of Tengri" музыкалық этно-фестивалінің мерейтойы қашан өтетіні белгілі болды

"The Spirit of Tengri" музыкалық этно-фестивалінің мерейтойы қашан өтетіні белгілі болды
Фото: massaget.kz, yengrinews.kz

Дәстүрлі "The Spirit of Tengri" музыкалық этно-фестивалінің мерейтойы қашан өтетіні белгілі болды. Бұл туралы "The Spirit of Tengri" фестивалі мен "Жұлдыз FM" радиостанциясының бас продюсері Жан Қастеев алдағы мерейтойға қалай дайындалып жатқандарын айтып берді. Биылғы жылы "The Spirit of Tengri" фестивалі Алматыда 20-21 мамырда өтеді.

"Фестивалімізге бес жыл толды, бұл біз үшін маңызды күн. Мерейтойымызға байланысты орындаушылардың құрамы жаңарды. Фестивальге көптеген елдің мықты орындаушылары қатысады, олар туралы кейін тағы да айтамыз. Биыл біз географиямызды кеңейттік. Жапония өкілдерін шақырдық. Әрине, АҚШ пен Еуропа елдерінің орындаушылары да қатысады", - деді Қастеев.

Cонымен қатар, "The Spirit of Tengri" фестиваліне Башқұртстан елінің атынан қатысатын Екатерина Ямщикова, тувалық "Хуун-Хуур-Ту" тобы мен "DJ Carmen Rizzo", Талдықорғанның этникалық "Тиграхауд" тобының қатысатынын растағаны белгілі болды. 

Тувалық "Хуун-Хуур-Ту" тобы

Башқұрстандық Екатерина Ямщикова

Талдықорғанның этникалық "Тиграхауд" тобы

- Дәстүр бойынша, Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына фестивальға кіру тегін. Бұл біздің демеушілер - "Kaspi bank" пен Алматы қаласының әкімдігінің арқасында. Тамаша іс-шара болады деп күтіп отырмыз", - деді Жан Қастеев.

Естеріңізде болса, қазіргі заманғы этникалық музыканың Қазақстандағы тұңғыш халықаралық фестивалі - "The Spirit of Tengri" 2013 жылдың 8 маусымында бірінші рет өткен  еді. Оған 11 музыкалық ұжым қатысты. Арасында "Алдаспан", "Hapanasasa" топтары мен Найя, Қорлан сияқты орындаушылар болды. Фестивальді рок-сахнаның отандық ардагері - "Роксонаки" тобы ашқан болатын.

Ал былтыр фестивальге 9 мемлекеттен 13 топ қатыcқан еді. Олардың қатарында Baba Zula (Түркия), "Айирхаан" (Якутия), TRAD.ATTACK! (Эстония), Huun Huur Tu (Тыва), DJ Rizzo (АҚШ), "Арғымақ" (Башқұртстан), Екатерина Ямщикова (Башқұртстан), Tilla Török's Band & Holdviola (Мажарстан), "Алдаспан" (Қазақстан), DJ Нариман Исенов (Қазақстан), "Тиграхауд" (Қазақстан), Roksonaki (Қазақстан) және Sintas (Қытай), "Барабаны Алматы" жобасы мен Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның домбырашылары еді.

Ең маңызды, заманауи этникалық музыка фестивалі "The Spirit of Tengri" Алматы қаласы, Абай атындағы Республика Сарайында ашық аспан астында өтеді.

Ө. Сансызбай