Димаш Құдайбергенов Астанадағы Шабыт Өнер Университетіне келді (Видео)

Димаш Құдайбергенов Астанадағы Шабыт Өнер Университетіне келді (Видео)
Фото: vk.com

Қытайдың Hunan TV арнасындағы "Мен әншімін" байқауына қатысып жатқан Димаш Құдайбергенов бүгін Астана қаласындағы Шабыт Өнер Университетіне келді. Аталған университеттің 3-курс студенті болып саналатын Димаш Құдайбергеновті Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы құрметтеп күтіп алды. 

"Достар, замандастар! Шын жүректен бәріңізге алғыс айтқым келеді. Ерекше тебіреніп отырмын, қазір сөз сөйлей алмай қалып жатсам, айып етпеңіздер. Бүгін мен қарашаңырағыма келіп отырмын. Бүгін мен үшін ерекше, керемет күн! Қазіргі таңда осы отырған бәріңіз өзіңізді әлемге таныстыратындай мүмкіншілігіңіз бар және де сол мүмкіншілікке бізді бөлеп жатқан, бізге барлық жағдай жасап жатқан, біздің ұлағатты ұстазымыз, әлем әртісі, ректорымыз Айман Қожабекқызына шын жүректен рақмет айтқым келеді. Ағаларымызға үлкен рақмет айтқым келеді және әрқашан қолдап жүретін, демеп жүретін біздің елбасымызға үлкен-үлкен рақмет айтқым келеді. Келгендеріңізге көп-көп рақмет!" – деді сөз алған Димаш Құдайбергенов.

әуесқой түсірілім (видео: instagram.com/ainurrm/)

әуесқой түсірілім (видео: instagram.com/ainurrm/)

Димаш Құдайбергенов 24 ақпан күні Қытайдан Қазақстанға ұшып келген болатын. Әнші алдымен Алматыға, екі сағаттан кейін Астанаға, одан Ақтөбеге барды. Димашты Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі әуежайдан күтіп алды. Димашқа қытайлық "I am a singer" телебайқауының түсірілім тобы ілесіп жүр. Димаштың анасы Света Айтбаеваның айтуынша, ол елімізге санаулы күнге келген. Қытайлық телеарнаның түсірілім тобы Димаштың туыстары, курстастарымен, сыныптастарымен жолығып, деректі фильм түсіру үшін Қазақстанға арнайы ат басын бұрған. 

М. Оңғарова