Димаш келесі кезеңде қазақша қандай ән орындайды?

Димаш келесі кезеңде қазақша қандай ән орындайды?
Фото: musclipland.ru

Қытайда өтіп жатқан «Singer-2017» тележобасының келесі кезеңінде миллиардтаған қалың көрерменді тәнті еткен Димаш Құдайберген халық әні «Дайдидауды» орындайды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп хабарлайды Массагет тілшісі.

«Достар, жақсы жаңалық! Димаш Құдайберген Қытайда өтіп жатқан «Singer-2017» конкурсында Қазақ ұлттық өнер университетінің халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен «Дайдидау» әнін орындайды», – деп хабарлады министр Фэйсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Мұхамедиұлының айтуынша, Мәдениет және спорт министрінің  мұрындық болуымен халық аспаптар ансамблі Қытайға барып, байқауға дайындалып жатыр.

«Айта кетейін дегенім, Димаштың бірге оқыған қатарлас достары қуана-қуана Қытайға кетті және Димашпен бірге тамаша өнер көрсетпек. Қыз-жігіттер конкурсқа арнап тігілген  ұлттық киімдерді киіп шығады», – деп хабарлады министр.

Естеріңізге сала кетейік, байқаудың 6-кезеңі осы сенбі, 25 ақпан күні өтеді. Димаш Құдайбергенов «Славян базары» халықаралық ән жарысында осы «Дайдидау» әнін орындап, бас жүлдені жеңіп алған болатын.

Ж. Жұмағұлов