Дауыс түрлері қандай болады?

Дауыс түрлері қандай болады?
Фото: complex-trade.ru

Кез келген кәсіби әнші дауысы ер адамның және әйел адамның дауысы болып екіге бөлінеді. Бұл – табиғи заңдылық. 

Әнші әйел адамның дауысы үшке бөлінеді:

- Сопрано
- Меццо-сопрано
- Контральто

Сопрано – жоғары әйел дауысы. Кеңдігі – бірінші октавадан үшінші октаваға дейін. Ноталары: ми2/фа2/фа-диез2.

Қазақ өнерінің жұлдызы Күләш Байсейітованың дауысы лирикалы-колоратуралық сопраноға жатады. 

Меццо-сопрано – кеңдігі кіші ля октавасынан екінші ля октавасына дейін болатын дауыс. Әйгілі орыс әншісі Надежда Обухованың дауысы меццо-сопраноға жатады. 

Контральто – кіші фа октавасынан фа, соль екінші октавасына дейін болатын ең төменгі әйел дауысы. Колумбиядан шыққан атақты Шакираның дауысы колоратурлық контральтоға жатады.

Әнші әйел адамның дауысы негізінен осылай үш топқа бөлінгенімен, топтар өзара бірнеше түрге жіктеледі.

Ер адамның дауысына келсек, ол да үш түрге бөлінеді: 

- Тенор
- Баритон
- Бас

Тенор дегеніміз – ер әншінің жоғарғы дауысы. Италия сияқты биік өнерді бағалай білетін шет мемлекеттер тенор дауысты әншіге қомақты қаражат төлейді. Музыкалық талғамы жоғары елдер тенор әншілерді қатты қадірлейді. 

Әйгілі Нұрғали Нүсіпжановтың дауысы – лирик тенор.

Баритон – бас пен тенордың арасындағы дауыс. Қазақ "қоңыр үн, қоңыр дауыс" деп бағалайтын дауыстың бұл түрі музыка тілінде "баритон" деп аталады. Атақты Ермек Серкебаев – баритон. 

Бас – диапазоны төмен ер адамның классикалық дауысы. Джаз жанрына өлшеусіз үлес қосқан Луи Армстронгтың дауысы – бас баритон. 

Ер адам дауысының негізгі үш тобы өзара бірнеше түрге жіктеледі. 

Ал әйелдің де, еркектің де дауысымен ән айта алатын әлемде сирек кездесетін әншілерді контртенор деп атайды. Қазақтың маңдайына біткен бұлбұл әнші Ерік Құрманғалиев – контртенор. 

Сөз соңында жиі кездесетін октава ұғымына анықтама беріп өтейік. Жеті нотаның ретпен орналасуын музыкада октава дейді. Музыкада бірнеше октава бар: 1-октава, 2-октава, кіші октава, үлкен октава.

М. Оңғарова