"Ер Төстік пен Айдаһардың" жабық көрсетілімі болды

"Ер Төстік пен Айдаһардың" жабық көрсетілімі болды

Кеше, яғни, 18 наурыз күні Алматыда "Ер Төстік және Айдаһар" мультфильмінің БАҚ өкілдеріне арналған көрсетілімі болып өтті. Жиынға картина режисерлері Жәкен Дәненов пен Рустам Тұралиев те қатысты. Cонымен қатар, актерлар Лидия Кәденова, Күнсұлу Шаяхметова, Ақкенже Әлімхан және "Қазақфильм" киностудиясының президенті Ермек Аманшаев келді.

"Бүгін біз үшін өте маңызды күн. Біз "Ер Төстік және Айдаһар" мультфильмін сіздерге ұсынып отырғанымызға қуаныштымыз. Осыдан үш жарым жыл бұрын киностудия аясында Анимация орталығы ашылған болатын. Сол уақыттан бері "Ер Төстік және Айдаһар" анимациялық фильмінің жұмысы тоқтамай жүріп отырды. Сондықтан бұл сәт біз үшін өте маңызды", - деді киностудия президенті Ермек Аманшаев. Басшы сөз соңында бұл саланың елімізде одан әрі дами түсуі үшін жылына кем дегенде екі туынды шығып тұруы керектігін айтты.

"Ер Төстік пен Айдаһар" фильмінің трейлері 

Ал өз кезегінде сөз алған режисер Жәкен Дәненов: "Басында қарапайым 2D фильм жасаймыз деп ойладық. Дегенмен кейін қазақ киносының соңғы кездегі даму қарқынына көз сала отырып, 3D мультфильм түсіреміз деп шештік. Көрермендер еңбегімізді бағалайды деп үміттенеміз. Бұл жұмыс біз үшін қайталанбас тәжірибе болды. Біздің дәл осындай толық метражды анимациялық фильм түсіре білгеніміз мені шын қуантады. Картина, әлбетте, отандық анимацияның даму тарихына енеді", - деп ақтарылды.

жэ

хъ

ъ

ъх

хъ

хъ

Мұндай 3D мультфильм түсіру кезінде объектілердің суретін қолмен салуға тура келеді, сонымен қатар, қозғалыстар motion capture әдісі арқылы бейнеленеді. Айта кетелік, әлемге танымал болған "Аватар", "Тинтинның бастан кешкендері" мультфильмдері осы принцип бойынша түсірілген.

Анимацияның сюжеті Ер Төстік эпосының мазмұнына негізделген. Басты рөлдегі персонажды танымал актер Дулыға Ақмолда дыбыстады. Ер Төстіктің саяхаты кезінде жол бойы көмектесіп, жәрдем еткен басқа персонаждарды Азамат Қанапияев, Бейбіт Муслимов, Ержан Түсіповтер дыбыстады. Жобаға, осылармен қатар, Эльдар Отарбаев, Мерей Әжібеков, Қадырбек Демесін, Лида Кәден қатысты.

Естеріңізге сала кетелік, Массагет бұған дейін "Ер Төстік және Айдаһар" анимациялық фильмінің 2013 жылдың 21 наурызында прокатқа шығатындығын хабарлаған болатын.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: kazakh.ru

Massaget