"Аққыз" Халықаралық бәйгелерде бақ сынап жатыр

"Аққыз" Халықаралық бәйгелерде бақ сынап жатыр

Жаңабек Жетіруовтың «Аққыз» көркем фильмі Халықаралық бәйгелерде бақ сынап жатыр.

Отандық туынды Римде өтіп жатқан Asiatica Film Mediale азиялық фильмдер кинофестивалінің аясындағы Selection Shorts and Features Film конкурсына қатысып жатыр. 5 қазанда басталған шара аталған айдың 13-іне дейін жалғасады.

"Аққыз" фильмінің трейлері

Рим кинофестивалі ассоциациясы Италия мен Азия арасындағы байланысты нығайту мақсатында Asiatica идеясын ойлап тауыпты. Бағдарлама екі конкурстан тұрады: 2012 жылдағы ең үздік азиялық көркем фильм және 2012 жылдағы үздік азиялық деректі фильм халықаралық конкурстары.

"Фестивальден жағымды эмоциялар күтемін. Фильмімнің италиялық көрермендердің назарына ұсынылатынына қуаныштымын", - деді "Аққыздың" режиссері Италияға жол тартып бара жатып.

Фильм, сонымен қатар, 2012 жылдың 12 қазанына дейін Анталияда өтетін 49-шы Халықаралық "Алтын апельсин" кинофестиваліне қатысатын болады. Шара қазанның 6-сы күні басталды.

48th International Antalya Golden Orange Film Festival - Азия құрлығындағы ең танымал шаралардың бірі. Түріктердің өздері бәйгені "Ұлттық киноиндустрияның Оскары" деп те атайды.

Естеріңізге сала кетелік, "Аққыз" бұған дейін 2011 жылдың қарашасында Таллинде өткен XV "Қараңғы түн" кинофестивалінде, оның алдында Үндістандағы «Osian's-Cinefan» бәсекесінде бақ сынаған болатын.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: kazakh-kino.kazakh.ru