- Негізгі бет
- Кино
- Аңыз және "Аққыз"...
Аңыз және "Аққыз"
«Аққыз» - қазақ халқының дүниенің пайда болуы жөніндегі мифологиялық көзқарасына негізделген фильм.
Қазақ кино әлеміне бұл фильмнің келіп қосылғанына көп бола қойған жоқ. Режиссер Жаңабек Жетіру бұл фильмді ұлт дүниесін сақтап қалу мақсатында қолға алып түсірген.
Мәселе фильмнің көрермен назарына ауыз толтырып айтарлықтай етіліп көрсетілмегенінде болып тұр. Алғаш рет киноның сценарийі жазыла салысымен-ақ «Қазақфильмге» ұсынылған екен. Фильмнің сценарийін ұнатпаған олар түсіруден бас тартқан. Бастаған істі аяқсыз қалдырғысы келмегендіктен режиссер ұлт дүниесін ұлықтау мақсатында киноны түсіруді өзі бастап кетеді.
Фильм ежелгі аңыздың желісінде түсіріледі. Ол аңыз бойынша Алла дүниедегі бар тіршіліктерді жаратпас бұрын, киелі Ақ құсты жаратқан. Осы киелі аққу жұмыртқасын қорғап, өзінің қанатынан ұя жасап сақтаған көрінеді. Аққудың жұмыртқасынан тіршілік атулы бастау алған деседі. Міне осы аққудың іс-әрекетін осы заманда өзі білмей фильмнің бас кейіпкері Аружан қайталайды. Ол анасының қарсылығына, өзіне төнген қауіпке қарамастан, аққудың жұмырқасын қорғайды. Бірақ 10 жасар Аружан аңшылардың оғынан қаза табады.
Фильмде мифологиялық, философиялық дүниелер өте көп. Мысалы, Қ.Тастанбеков қарт атаның бейнесімен қатар, қазақтың аңыз-әдебиетіндегі Қорқыт-ата, Асан-қайғы, Қарлығаш-бидің рөлін алып шығады. Осы кейіпкер арқылы фильмнің бүкіл ойы мен мағынасын түсіндіргендей болады. Фильм осы Қапшағай көлінің жағасында түсірілген. Негізінен фильмнің тақырыбы бойынша теңіз – жер – адам және табиғаттың бөлінбес бөлшегі – құстар картинаның негізгі объектілері.
Бұл біздің ұмытылып бара жатқан ұлттық дәстүріміз бен тарихи сана-сезімімізді қалпына келтіру, өшкенімізді жандандырып, өткенімізге құрметпен қарау мақсатымен жасалған дүние.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: lang.kazakhfilmstudios.kz, kazakh-kino.kazakh.ru
А. Әбілхан