Мейірімділік шуағы: «Алиса айнаның арғы бетінде»

Мейірімділік шуағы: «Алиса айнаның арғы бетінде»
Фото: Нұрлан Биімбет

«Мейірімділік шуағы» жобасы аясында қазақ тіліне дубляждалған «Алиса айнаның арғы бетінде» фильмінің Алматы қаласы балалар үйінің тәрбиеленушілері мен белсенді жастарына арналған көрсетілімі ұйымдастырылды.

Ағымдағы жылдың 11 шілдесінде «Меломан», «Kinopark» және KFC компанияларының қолдауымен «Болашақ» Қауымдастығы қазақ тіліне дубляждалған «Алиса айнаның арғы бетінде» фильмінің Алматы қаласы балалар үйінің тәрбиеленушілері мен белсенді жастарына арналған қайырымдылық көрсетілімін ұйымдастырды.

Disney ұсынған «Алиса айнаның арғы бетінде» шытырман оқиғалы фильмі көрермендерді Льюис Кэррол қаламынан шыққан сүйікті кейіпкерлермен қайта қауыштырады. Досы Ессіз Қалпақшыны құтқару үшін Алиса Уақыт кеңістігіне сапар шегіп, күтпеген ғажайып оқиғаларға тап болады. «Алиса Ғажайыптар елінде» фильмінің жұлдызды тобының арқасында Жерасты патшалығының жарқын кейіпкерлері қайта жанданады.

Картина режиссері Джеймс Бобин, Тим Бертон жандандырған «Алиса Ғажайыптар елінде» атты фильмдегі әлемге жаңаша бір серпіліс әкелді. Сценарийді Льюисс Кэррол кейіпкерлерінің негізінде Линда Вулвертон жазды.

Ал, дубляж режиссері Айжан Жамшитова бұған дейін «Джунгли кітабы», «Күлбике», «Малефисента» фильмдерінің, «Көліктер» анимациялық фильмінің және т.б. жобалардың дубляжына қатысқан. Картинаның дубляжына жиырмадан аса қазақстандық әртістер тартылды. Бұл қазақ тіліне аударылған он бесінші голливудтық фильм болып табылады.

Көрсетілімді ұйымдастырушы: «Болашақ» Қауымдастығы.

Көрсетілімге №1 Алматы облыстық балалар үйі, Алматы қаласындағы әлеуметтік мекемелердің түлектерін қолдау және бейімдеу «Жастар үйі» орталығының тәрбиеленушілері және т.б. алматылық жоғарғы оқу орындарының 100-ден аса студенттері қатысты.

Голливудтық фильмдерді қазақ тіліне дубляждау жобасын ең алғаш ұсынған Алматы қаласының әкімі, «Болашақ» Қауымдастығы Кеңесінің құрметті мүшесі – Байбек Бауыржан Қыдырғалиұлы.

«Болашақ» Қауымдастығы бұл – еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін стипендиаттардың күш-жігері мен тәжірибелерін біріктіру мақсатында құрылған үкіметтік емес ұйым. «Мейірімділік шуағы» – бұл жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қайырымдылық көмек көрсетуге арналған жоба. Жоба аясында әрдайым балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мәдени-танымдық және ойын-сауықтық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Жобаны қолдаушылар Алматы қаласының кәсіпкерлері мен «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары.

Нұрлан Биімбет

@. @assel_assanova