Әкеммен ішкен таңғы ас

Әкеммен ішкен таңғы ас
Фото: massaget.kz

Жас әрі сымбатты, өзін өзгелерден үнемі жоғары қоятын Александр Титовтың өмірге өкпесі жоқ: белсенді, жетістігі көп, жарнама агенттігінде креативті директор қызметінде жұмыс атқарады, ойлайтыны – жұмыс қана. Өзін әлемдегі ең бақытты адам санайтын ол нағыз бостандықта өмір сүретінін жиі айтады. Сол себептен де өзгелерге байланып, отбасын құратын адамдарды түсіне бермейді. Бірақ тағдырдың дүр жігітке дайындаған тосын сыйы бар еді. Ол сый дүние есігін осыдан 10 жыл бұрын ашыпты. Күндердің бір күнінде тағдырдың жазуымен Аля есімді сол сый Александрдың есігін қағады. Мұндайға дайын болмай шыққан Саша қыздан құтылудың амалын іздестіре бастайды. Алайда бәрі ол ойлағандай оңай емес еді...

"Әкеммен ішкен таңғы ас" атты бұл фильм бала өмірінде әкенің алатын өзіндік орны барын, ал қыз үшін ол орын тіпті ерекше екенін көрсетеді. Сондай-ақ адамгершілік пен отбасылық қарым-қатынас, достық пен махаббат секілді сезімдерді насихаттайды. Комедия жанрында түсірілген туынды бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында айналымға шықпақ.

Көрерменді күлдіріп отырып, оған үлкен ой салатын фильмнің режиссері – осыған дейін "Шерлок Холмс пен дәрігер Ватсон: Аңыздың тууы", "Қорқыныш босағасында", "Көлеңке жинаушы" сынды туындыларымен танымал болған Мария Кравченко. Ал рөлдерді Юрий Колокольников, Катерина Шпица, Луиза Габриэла Бровина мен Полина Максимова секілді белгілі актерлер сомдайды.

Y. Almabek