2016 жылы Тоқтар Әубәкіров жайлы фильм шығады

2016 жылы Тоқтар Әубәкіров жайлы фильм шығады
Фото: tn.kz

Қазақстандық ғарышкер Тоқтар Әубәкіров жайлы деректі фильм 2016 жылдың соңында шығады. Бұл туралы Tengrinews TV тілшісіне картина режиссері Сламбек Тәуекел айтып берді.

Оның айтуынша, картина Тоқтар Әубәкіровтің 70 жылдық мерейтойына және Тәуелсіз Қазақстанның ғарышқа ұшуына 25 жыл толуына арналған. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер туралы деректі фильмнің түсірілім жұмыстары биыл сәуір айында басталған, бірақ қаржылай қиындықтардың кесірінен тоқтап қалған. Қазір түсірілім жұмыстары қайта жаңғыртылды, жыл соңына дейін ол жалғасады. 2016 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында көрермендер деректі фильмді теледидардан көре алады.  

Режиссердің айтуынша, картинаның хронометражы 52 минут немесе 26 минуттан тұратын екі серия болады. "Картина осы адамның биографиясымен байланысты, оның тұлға болып қалыптасуы жайлы. Көрерменге айтарымыз бар. Өкінішке қарай, деректі фильмде прокат болмайды. Мұндай киноны тек телевизиялық экраннан көруге болады. Сондықтан біз оны телевизиялық форматтың негізінде жасап жатырмыз. Фильм Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен "Қазақфильм" АҚ киностудиясында түсіріліп жатыр", - деді режиссер.

                                                                                                                                 Дереккөз: Tengrinews.kz

М. Бисембаева