Әлеуметтік желідегі сауаттылық: жазу тілі

Әлеуметтік желідегі сауаттылық: жазу тілі
Фото: AppleInsider.ru

«Вконтакте», «WhatsАpp» әлеуметтік желілерінде жастар белсенді әрі көп отыратыны анық. Өйткені қазір әрі арзан, әрі сапалы өнімге ұмытылған тұста әлеуметтік желі сұранысты қанағаттандырып отыр. Желілердің белсенділігі артқанымен, жазу және сөйлесу тілі өте төмен деңгейде.

Алғаш смартфондар пайда болып, қолданысқа енген кезде «қазақ әріптері» болмаған соң, кириллицианың икемін келтіріп немесе латын әріптерімен қазақша мағынасында жазып жүрдік. Бұл амалдың жоқтығынан орын алды. Алайда уақыт өте келе өз тіліміз, өз әріптеріміз сөйлесу құрылымына енгеннен кейін, ойымызды толыққанды жеткізуге және дұрыс жазуға қол жетікіздік. Дегенмен қазақ тіліндегі жастардың сөйлесу тілі мәз емес. 

– Слм! 
– Каксын? 
– нестеп
– Жай жатқан Өз? 

Диалогтан байқап отырғаныңыздай, бұл – тілге деген құрметсіздік. Қазақ тілінің грамматикасында орфография және орфоэпия деген өзіндік заңдылығы бар. Орфография – сөздерді дұрыс жазу заңдылығы болса, орфоэпия – дұрыс оқу деген сөз. Әлеуметтік желіде екі теория бойынша дұрыс жұмыс жасай алмаймыз. Тіпті бір-бірімен алмастырып жатамыз. Одан бөлек пунктуация да бар. Ол – еміле дұрыстығы. Қай жерде үтір, қай жерде нүкте болу керек деген мәселелерді қарастырады. Әлеуметтік желіде отыратын көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты жастар. Дей тұрғанмен дәл сөйлесуге, жазуға келген кезде олардың 5-сыныптан басталатын қазақ тілі білімі жетпей қалатын секілді. 

Жоғарыдағы диалогтың дұрысы: 

– Сәлем! 
– Қалайсың? 
– Не істеп жатырсың немесе не істеп? 
– Жай жатқан (жатырмын). Өзің? 

Қарапайым диалог болса да, дұрыс жазылғаны сауаттылығыңыздан хабар береді. Бір құмалақ бір қарын майды шірітерін ескерсеңіз, қарапайым дүниеден беделіңіз түсуі әбден мүмкін. 

Тілдің мерейін көтеру үшін атой салып, ерлік жасау немесе дау шығарудың қажеті жоқ. Өзіңізден бастаңыз. Қарсы беттегі адамның қателігін бетіне басудың да қажеті жоқ. Сіз дұрыс жазыңыз. Қай кезде болса да дұрыс және толық жауап жазып үйреніңіз. Екінші жақтағы сөйлесуші адам бір күні өзі-ақ дұрыс жазуға үйренеді. Бұл қазақ тілін көркейтуге қосқан зор үлесім деп түсініңіз. 

Кез келген нәрсе қарапайым әрекеттен басталады. Кейде мән бермейтін жағдайлар үлкен мәселенің тууына себеп болады. Жастар дәл осы қалпында қалыптасса, ертең қоғамға арнап жазуға тура келгенде сауатсыздық белең алады. Сайтымызда берілген «21 күн» қағидасына салсақ сіз күн емес айлар бойы әлеуметтік желіде отыратын болғаннан кейін, бұл сауатсыздықтың орын алуы әдетке айналып кетеді. 

Сауатты болу – мәдениеттің белгісі. Мәдениетті болу – абыройыңыз. Әлемді өзгерту керек пе, өзіңізден бастаңыз! 

М. Ақан