Этика сақтап жүрсіз бе?

Этика сақтап жүрсіз бе?
Фото: GlamInfo.ru

Этика – ол өз-өзіңізді жақсы ұстай білу, сыпайылық сақтау, мәдениетті болу. Адамдармен қарым-қатынастағы сыпайылық, сөз саптаудағы жүйелілік, қоғамдық ортадағы іс-әрекет, мінездегі тұрақтылық немесе ауытқушылық, білім мен рухани таным, тұлғалық сенімділік немесе сенімсіздік сіздің мәдениетіңіздің деңгейін көрсетеді. Сондай-ақ сіздің қоғамдағы орныңызды айқындап береді. Әдептілік адамның мінез-құлқына, тәрбиесіне байланысты. Отбасындағы берілген тәрбие мен өнеге, көркем мінез адам бойындағы әдеп мен мәдениеттің көрсеткіші.

Сіз – жеке тұлғасыз. Сіздің адамдарға, ортаға, қоғамға деген көзқарасыңыз әртүрлі. Тым білімді немесе танымыңыз мол болса, көп адамдармен пікір алмасу жағдаятында кереғар пікірге келуіңіз әбден мүмкін. Алайда сіз ол кісінің ойын, көзқарасын жоққа шығара алмайсыз. Өйткені ол да қоғамның бір мүшесі, субъективті пікірі бар жеке тұлға. Өз пікіріңізде қалыңыз, ал қарсы тараптың көзқарасын сыйлаңыз. Бұл – сіздің әдебіңіз бен мәдениетіңіздің көрсеткіші.

Қоғамдық ортада, отырыстарда іс-әрекетіңізбен ерекшеленуге тырыспаңыз. Жасанды іс-қимыл, уақытша қалыптастырған жүріс, тәкаппарлық, көпшілікке дес бермей сөйлеу немесе әр айтылған сөзге немқұрайлылық таныту сіздің әдепсіздігіңіздің ең жоғарғы деңгейі. Яғни сіз өзіңізді және ортаңызды сыйламайсыз деген сөз. Шынайы болыңыз.

Дөрекі сөйлеуден аулақ болғаныңыз абзал. Дөрекі сөз, даңғойлық әсіресе қыз баласына жат әрекет. Нәтижесінде кей ортада сіздің тәрбиеңізге, ата-анаңыздың атына сын айтылуы әбден мүмкін.

Жағымсыз пікір естісеңіз, сабырлы, төзімді болуға тырысыңыз. Ұрсысып, ренжудің қажеті жоқ. Әдептен аспаңыз. Ақылмен әрекет етіңіз. Адам ашуланғанда ақылының жарты бөлігі жойылып кетеді, осыны ескеріңіз.

Достарыңызға, әріптестеріңізге құрметпен қарап, сыпайы болыңыз. Басқаларды қатал сынамауға тырысыңыз. Бұл сіздің мәдениеттілігіңіз.

Кафеде, өзге де мәдениетті орталарда ыдыс-аяқ сынып қалса не бірнәрсе бүлініп қалса, оған қатысы бар адамға қадалып қарамаңыз. Ол әдейі істеген жоқ. Сол сәттегі көзқарас сіздің әдепсіздігіңіздің бір белгісі.

Жақсы мінез – нағыз әдептіліктің нышаны. Көркем мінезіңіз арқылы жаман әдет пен ойлардан жаныңызды таза ұстаңыз.

Театрда немесе мәдени орындарда танысыңызды кездестіріп қалсаңыз, көрермендерге кедергі келтірмес үшін басыңызды изеп немесе жымиып амандассаңыз жеткілікті.

Есте сақтаңыз! Әдептілік қашанда әдемі көрінеді.

Ә. Жутаева