Көрпеңе қарай көсіл

Көрпеңе қарай көсіл
Фото: bankoboev.ru

Ертеде бір балықшы қармағы мен балық аулауға қажетті кұрал-жабдығын алып өзенге келеді. Өзен жағасында қармағын суға салып қойып "азық" күтіп отырған балықшылар да сан жоқ екен. Көпшілігі күні бойы қу қармаққа бір балықтың ілінбей қойғанына көңілсіз отырады. 

Жаңағы балықшы келе сала "Әп, бісміллә" деп қармағын лақтырады. Ұзамай қармағаны үлкен бір балық ілінеді, бірақ балықшы "болмады" деп балықты қайта суға лықтырып жібереді. Айналадығылар аң-таң... Ұзақ уақыт өтпей, одан да үлкен бір балық ұстап алады. Тағы да "болмады" деп күрсініп, мұны да суға лақтырып жібереді. Бұл қылығы басқа балықшыларды таңғалдырғаны былай тұрсын ашуландыра бастайды. Осы кезде қармағына керісінше кішкентай балық түседі. Бұның әр қылығың бақылап тұрған балықшылар "Әй, үлкен балықтарды менсінбеген де мынаған қанағат тұтады дейсің бе? Мұны да лақтырады қазір" деп ойлайды. Алайда балықшы бұл жолы балықты жібермеді, керісінше "Әп, бәрекелді" деп кішкентай олжасына қуанып, балық себетіне салып қояды. 

Балықшылардың біреуі шыдамай келіп сұрайды: "Достым, үлкен балықтарды менсінбей кері жібердің, бірақ, кішкентай бір балықты қуана-қуана себетіңе салып алдың. Бұл қылығыңды қалай түсінуге болады?"

Балықшы күлімсірей қарап: "Иә, балықтар үлкен, бірақ менің себетім кішкентай. Сондықтан, мен балықтарды себетімнің көлеміне қарай аулауым керек", - деп жауап береді. 

Бұл тәмсілден шығатын қорытындыны бабамыз "Көрпеңе қарай көсіл" деп қайырған.

Е. Жұмабайұлы