Сәбиді қорғаған қыран

Сәбиді қорғаған қыран
Фото: nevseoboi.com.ua

Жалпақ жұрт «зәнгі» атап кеткен Шөкібайдің Топайы деген атамыз жастайынан дала кезіп саятшылық құрған, аңкөс, құсбегі адам болған екен. «Бүркітті ұядан алмайды, көбінде түзден ұстап баптайтын еді…» дейді білетіндер. Құсбегілік өнерді жастай жетік меңгерген Топекең  Қобда бетінің көк тіреген асқақ тауларын аралап, қолында бүркіті қыс бойы саятшылық құрады екен. Сондай бір саятшылық кезінде ауа-райы күрт бұзылып, құсбегі алғашқы қардан соң күзектен қыстауға қарай көшкелі отырған ауылға құдайы қонақ болып түседі.

Үй иесі жөн білетін адам екен, «ауылға құсбегі келді, қане жігіттер мына кісінің атын арқандап, ер-тоқымын оң босағаға қойыңдар!» деп жөн-жосық айтыпты. Ал, бүркітке  сыртта тұрған ескі тұғырды әкелуді бұйырады. Топекең болса, «бүркітім қара жерге құйрық басып үйреніп кеткен ұлықсат  болса бос қойсам» деген екен. Бұндай жуас бүркітке кім қызықпасын әрине, бірақ үйде құйрығымен жорғалап жүрген немереміз бар еді, соған  зияны тимей ме деген ақсақалға Топекең, «меніңде үйде еңбектеп жүрген балам бар, бүркітім оған тиіспейді, көзі үйренген» дейді. Сөйтіп, бүркітті үйдің ішіне керегеден ұзын етіп аяқбауын байлап тастап қояды.

Малды ауылдың қарбалас тірлігі кешке басталмай ма?! Қой-ешкі жайылымнан, жылқы-сиыр өрістен келіп әйел атаулы сауынға шыққан кез. Сол екі ортада үйдің үлкендерін және оған құсбегіні қосып көрші үй шай ішуге шақыра қалыпты. Қосақ басынан сүтке толы шелегін қайқалақтата көтеріп, бүркіт отырған үйге кірген әйел баж етіп далаға атып шығады. Жас келінің ашы дауысынан үрейленген көрші үйдегі үлкендер де лап қойып жетеді.

Елдің бәрі бүркіт баланы өлтірген шығар деп ойлайды. Жұрт топырлап үйге кірсе, мәссаған жас бала сақ-сақ күліп, сасықкүзенің құйрығымен ойнап отыр. Бүркіт болса, сасықкүзенді бүріп ұстаған күйі иесіне жалтақ-жалтақ қарайды. Сасықкүзеннің жаны әлі шықпаған екен, көзін ашып-жұмып әлсіз қозғалып қояды.

Топай құсын сасықкүзеннен айырып, далаға алып шығады. Ауыл ақсақалдары мән-жайды білсе, үйде адам жоғын пайдаланып сасықкүзен үйге кіріп кеткен екен, оны бүркіт ұстап алған. Егер бүркіт ұстамағанда жас баланың жазым болуы әбден мүмкін еді. Сөйтіп, қырағы қыранның арқасында, бір әулет ұрпағын аман-есен сақтап қалған жайы бар.

Автор: Жанарбек Ақыби

Дереккөзі: namys.kz

Н. Айдархан