Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы неміс тіліне аударылды

Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы неміс тіліне аударылды
Фото: massagetkz

Биыл немістің әдеби қоры қазақ ақыны Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасымен толықты, − деп хабарлады «Әдебиет» порталы.

Поэма неміс тіліне қазақша түпнұсқасынан тікелей аударылып, Қазақстан-Гёте институтының қолдауымен «Büchergilde» (Германия) баспасында басылып шықты. Поэманың неміс тіліндегі нұсқасының авторы − неміс жазушысы Герт Хайденрайх.

Қазақ халқының мәдениеті мен өнерін, тарихы мен салт-дәстүрін неміс тілді оқырмандарға кеңінен таныстыратын «Құлагер» поэмасының алғашқы тұсаукесері биылғы наурыз айында Лейпциг қаласында кезекті халықаралық кітап жәрмеңкесінде (Leipziger Buchmesse) өткен еді.

2016 жылдың 25 - 27 мамыр күндері «Құлагердің» неміс тіліндегі аудармасының тұсаукесері Астана мен Алматы қалаларында да өтеді деп жоспарланған. Аталған шараға осы жобаға қатысқан аудармашылар мен Ілияс Жансүгіровтің қызы − Ильфа Ілиясқызы арнайы шақырылып отыр. Аударманың тұсаукесерін танымал тележүргізуші, ақын Жаңыл Асылбекова жүргізеді.

С. Ерсін