Ілияс Жансүгіровтың «Ағынды менің Ақсуым», «Жетісу суреттері» өлеңдеріне талдау

Ілияс Жансүгіровтың «Ағынды менің Ақсуым», «Жетісу суреттері» өлеңдеріне талдау

Жаңа әдебиеттің негізгі идеясын қабылдап, оны жырлауға құлшыныс білдірген ақынның бірі – Ілияс Жансүгіров (1894-1938) еді. Төңкерістен бұрын демократиялық бағытта өлеңдер жазған ақынды идеясына тартқан да өкіметтің кедейлерге деген қолдауы болды. 20-жылдардың аяғына қарай Ілияс эпикалық поэзияға бет бұрды. Сонымен қатар, өлеңдерінде туған жер, туған елге деген сағыныштың лебі еседі. Табиғаттың ғажайып сәттерін көзбен көргендей әсер аласың. Оған бір мысал ретінде «Ағынды менің Ақсуым» өлеңін оқып көрсеңіздер көз жеткізе аласыздар.

Ағынды менің Ақсуым,

Ақырып әлі ағасың,

Ақиланған ашумен,

Ақтарды асқар сабасын.

Тас тарпуын, шапшуын,

Қарасаң қайран қаласың,

Жалғыз жазғы бір кеште,

Жағаладым жағасын.

Тұнжыраған торғын түн,

Төндім сұлу суына.

Таңырқап тау-тас тамсанып,

Жымиды жұлдыз мұңыма.

Сүмиген сүңгі сұрша тал,

Шомылды таудың суына.

Таймандаған тайпақ ай,

Желегі ме, туы ма?

Шүйке шарбы бұлтты

Қалқалай қалды қылмия.

Аспанды, ай алтын құшағы,

Қусыра қайың құшады.

Қарамай қайың, қалайша

Қаужиған құшсын бұтаны?

Қайың мен сәуле сүйіссін,

Сүймегенді нысабы:

Итмұрыны меңіреп,

Қудырлап қоңыз ұшады.

Бауырлаған ағынның,

Сумаңдап суы сылдырайд;

Қудиған қоңыр құрақтың

Саусағы суда судырайд;

Суға төнген бір шыбық

Дірілдейд, суда сырылдайд;

Оған қонған бір шымшық

Шиқ-шиқ етед, шырылдайд...

Өлеңді тұнып тұрған табиғат көрінісі дерсің. Ақын әрбір көріністі назардан тыс қалдырмаған. Бұл да Ілиястың бір шеберлігінің көрінісі. Туған жері Ақсудың асау табиғатын таныта білген туындысы. Сондықтан да «Ағынды менің Ақсуым» өлеңін ақын шығармаларындағы шоқтығы биік туынды ретінде бағалауға болады.

Ілияс лириканың бар саласында қалам тербеген дарын.  Оның қазақ поэзиясын өркендетуге ерен үлес қосқан саласы - пейзаждық лирика. Табиғатқа арналған өлеңдерінде сөзбен сурет салуға барынша шебер екенін көреміз. «Жазға салым», «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Жаз», «Қыс», «Мезгіл суреттері», «Жел», «Жетісу суреттері», т.б. өлеңдері осының айғағы. 1925 жылы қазақ поэзиясына ұлы жаңалық әкелген «Жетісу суреттері» өлеңін оқығаннан кейін М.Әуезовтің - «мен Ілиястың шын ақындығына ден қойдым» деуі тегін емес.

Ешкідей үркіп шыққан Шөладыр тұр,

Қасқырдан бір тықырды көретіндей.

Телміртіп Текес аса ай туады,

Тайыншаның тарғыл ала зересіндей.

Жайлаудың Ортасында Тұзкөл жатыр

Жарқырап төбел таздың төбесіндей, - 

деп суреттейді. Осылардың бәрінен сөзбен салынған суретпен қатар жанды кейіп те аңғарылып қалады. Өлең «Жалпы сын», «Тау суреті»,  «Жетісудағы су суреті»,  «Жетісу жәндігі», «Жер түгі» деген  5 бөлімнен тұрады. Әр бөлімде киелі Жетісу жерінің табиғаты асқан көркемдікпен суреттелген. Қазақ әдебиетіндегі құбылтудың барлық түрін пайдаланған десек те қателеспейміз. «Жетісу суреттері» туындысы ақынды бірден-бір танытқан шығармасының бірі. Туған жерін күллі әлемге түгін қалдырмай таныстырып шығуының да мәні зор. Оны «жер түгіне» балауы да жаңсақтық емес.

Ілияс Жансүгіров қазақ сөз өнерінің поэтикасын кемелдендірген, көріктендірген қайталанбас дарын иесі. Оның шығармалары қазақ әдебиетін ұдайы көркемдіктің шырқау шыңына бастай беретін мәңгілік үлгі-өнеге.

Сурет: thenews.kz

Ө. Сансызбай