Әдеби жүзік жасаушы шебер

Әдеби жүзік жасаушы шебер
Фото: vinteresah.com

Әлемде талай қызық бар. Біз білмейтін небір он саусағынан өнер тамған шеберлер жетіп артылады. Сондай шеберлердің бірі – Джереми Мэй (Jeremy May). Ол Лондон қаласында тұрады әрі сонда жұмыс істейді. Оның негізгі мамандығы – сәулетші. Зергерлік оқуын ешқашан оқымаған. 

Шебердің ерекшелігі – ол қағаздан жүзік жасайды. Өзінің ең алғашқы жүзігін 2007 жылы әйеліне арнап жасаған екен. Сыйлық жан жары екеуінің отау құрғандарына 1 жыл толуына орай жасалуы тиіс еді. Негізінде 1 жылдықты қағаз той деп айтады екен. Сөйтіп екеуі бір-біріне қағаздан сыйлық жасауға келіседі. 

Әйелінің не ойлағаны белгісіз, ал Джереми болса сыйлық таңдаудан жаңылыспады. Түрлі-түсті қағаздардан және сүйікті газетінен жан жолдасына арнап әдемі әшекей жасап шығарды. Кейінірек Littlefly атты әдеби әшекей пайда болды. 

Шебер көп жағдайда жаңа кітаптарды емес, өзіндік тарихы бар ерекше кітаптарды таңдауға тырысады. Кітап бетіндегі жазулар, әртүрлі белгі, жазылған хаттар, бәрі-бәрі дизайнердің шабытын шақырады. Кітаптағы шығарма желісі де оған жағымды әсер сыйлайды. Сол себепті де ол кез келген кітапты пайдаланбайды.

Бұйымды жасау барысында Джереми қандауыр пышақпен (скальпель) кітаптың бірнеше бетін қиып алып, кейін оны әдемілеп ламинаттап, лакпен бояйды.  Бұйым дайын болған кезде оны бастапқы орнына, яғни қиып алған жерге апарып қайтадан салады. Бұнымен кітап бұйым сақтайтын қобдиша болады. 

Шебердің қолынан шыққан сәнді жүзік, әдемі браслеттерге деген тапсырыс көп. Дизайнердің айтуынша ерекше бижутерия көп адамның қызығушылығын оятқан екен. Тіпті, кей сатып алушылар жүзік алтын немесе күміс бұйымдардан да әдемірек көрінеді дейді.
Ж. Жұмағұлов