Өзге ғаламшарлықтармен бірінші роботтар байланыс орнатады

Өзге ғаламшарлықтармен бірінші роботтар байланыс орнатады
Фото: pantip.com

Астрономия саласының маманы өзге ғаламшарлықтармен болатын алғашқы байланысқа адамдар емес, роботтар жететінін болжайды. Оның ойынша, 2100 жылы адам баласы өзге ғаламшарға қоныс аударады.

Гринвичтегі Корольдік обсерваторияның астрономы, профессор Лорд Мартин Рис (Lord Martin Rees) Ұлыбританияның Челтнем қаласында өтіп жатқан ғылым фестивалінде сөз сөйлеп, болашақта ғарышты игерумен тек роботтар айналысатынын болжады. Ғалымның пікірінше, машиналар өзге ғаламдағы тіршілікті іздеуге бейімделеді.

Алдағы бірнеше жүзжылдықта жоғары интеллектке адам емес, роботтар ие болады. Сондықтан ғарышты игерумен олар айналысады. Машиналар органика емес, оларға вакуумды ортада қауіп төне қоймайды. Сонымен қатар, табиғи өнімді де тұтынбайды, - дейді ғалым.

Жасы 72-ге келген астроном болашақта жасанды сананың Жердегі басқаруды өз қолына алатынын айтады. Ал адамдардың өзге ғаламшарға көшуіне аз уақыт қалды. Ғасыр соңына қарай, адамдар Жерден алыста өмір сүретін болады. Оның айтуынша, адам баласы ұрпағын генетикалық бейімдеуден өткізіп, адамның болмысы мен құрылымы толығымен өзгеріске енеді. 

Ж. Өрісбай