Денсаулық саласындағы жаһандық 10 мәселе

Денсаулық саласындағы жаһандық 10 мәселе
Фото: freepik.com

«Басты байлық – денсаулық»

Жыл сайын әлем денсаулық сақтау саласы бойынша мыңдаған мәселеге тап болады. Арнайы екпелер арқылы алдын-алуға болатын жұқпалы, инфекциялық дерттерден бастап, семіздік, ауаның ластануы мен климаттың өзгеруі де денсауыққа өзіндік әсерін тигізеді.

Біз «мәселе» деп көтеретін күнделікті шағын құбылыстардың барлығы адамның өміріне қауіп төндіретін мәселелермен салыстырғанда құны бір тиын ғана болмақ. Әлемдік Денсаулық сақтау ұйымы 2019 жылы адам баласына қауіп төндіретін 10-мәселені атап өтті:

Ауаның ластануы:
Күн сайын он адамның тоғызы ластанған ауамен тыныс алады. Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының пікірінше, 2019 жылдың басты қатері – ауаның ластануы. Бұл мәселе бірінші рет қозғалып отырған жоқ. Дегенмен, әлі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтпай келеді. Ауаның ластануы неліктен қауіпті? Ауадағы зиянды микроағзалар біз ойлағаннан әлдеқайда қауіпті. Олар тыныс алу жолдарына еркін өтетіндіктен, қан айналым жүйесіне әсер ете отырып, өкпенің жұмысына, жүрек пен миға теріс әсерін тигізеді. Жыл сайын инсульт, жүрек пен өкпе дерттерінен 7 миллионға жуық адам өмірмен қош айтысады. Олардың 90%-ы табыс көзі төмен және орта, өнеркәсіп саласынан шығарылатын қоқыс пен транспорт және ауыл шарушылығы қалдықтар деңгейі жоғары елдердің тұрғындары.

Ауаның ластануының негізгі себебі – қазба отындарының жануы болса, екіншісі климаттың күрт өзгерісі. 2030 және 2050 жылдар аралығындағы климат өзгерісі қосымша 250 000 адамның өліміне себепші болуы мүмкін деген болжам да бар.

Жұқпалы емес дерт түрлері:
Диабет, қатерлі ісік, жүрек аурулары секілді жұқпалы емес дерттер әлемдегі барлық өлім түрінің 70%-ын құрайды немесе 41 миллион адамның өмірін жалмаған. Оның ішінде 15 миллион адам 30 бен 69 жас аралағында, яғни, мерзімінен бұрын қаза құшқан.  

Мерзімінен бұрын өлімнің 85%-нан көбі орта және төмен табыс мөлшеріне ие елдерде орын алады. Бұл дерттердің туындауына және өршуіне негізгі бес себеп бар: шылым шегу, физикалық белсенділіктің төмендігі, алкоголь өнімдерін шектен тыс қолдану, дұрыс тамақтанбау және ауаның ластануы. Бұл аталған факторлар психикалық мәселелердің де туындауына себепші болады: психикалық дерттердің басым бөлігі 14 жастан басталады. Көп жағдайда елеусіз қалып, емдеу үрдісінен өтпейді. Өз-өзіне қол жұмсау да бұл қатарға кіреді.

Тұмаудың індетінің өршуі:
Әлем бірнеше жыл бұрын құс және шошқа тұмауымен жаппай күрескен болатын. Тағы да бұл індеттің өршу қаупі бар – қашан және қаншалықты қауіпті екені белгісіз. Әлем бұл жағдайда қалай күресе алады: барлық денсаулық сақтау ұйымдары төтенше жағдайға дайын болып, індет басталған сәтте-ақ қолға алса ғана «өршігуге» жол бермей, халықты аман алып қалады.  

Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы тұмауды қоздырушы вирустарды ылғи бақылаумен келеді: бұған 114 елден 153 ұйым атсалысып жатыр.

Жыл сайын тұмауға қарсы екпеге індеттің алдын-алуға болатын штаммдарды (микроағза) енгізеді. Егер тұмау қоздырғыштары күшейіп, ерік бермесе арнайы зерттеу орталықтары антивирус дайындап, емдеу жолдарын қарастырады.

Кедейлік:
1,6 миллиардтан астам адам (әлем халықының 22%-ы) бірнеше жылға созылған дағдарыс құрбаныс болуға мәжбүр: аштық, талас-тартыс пен халықтың жаппай көшуі және тыңғылықты дәрежеде медициналық қызмет түріне қол жеткізе алмауы.

Бұндай жағдайлар әлемнің барлық елінде кездеседі. Әсіресе, тұрақты даму мақсатында атқаралатын негізгі міндеттер, соның ішінде ана мен бала денсаулығына байланысты кей мақсаттар орындайлмай, тіпті елеусіз қалады.

Микробқа қарсы дәрілерге төзімділік:
Антибиотииктер мен микробтарға қарсы арнайы препараттарды шығару – заманауи медицинаның басты жетістігі.  Дегенмен, жыл сайын адамның денесінде, табиғатта, микроағзаларда көзге көрінбейтін эволюция жүреді. Микроағзалар адам баласы шығарған антибиотиктерге бейімделе бастады. Бұл медицинада үлкен мәселе тудырады: туберкулез, өкпенің қабынуы, гонорея секілді аурулардың алдын-алу қиынға соғады. Одан бөлек, ота кезінде инфекцияның түсуінен қорғау да қиындай түседі. 

Туберкулез дертімен күресуге кедергі келтіріп тұрған нәрсе – есірткі. Ал, бұл дерттен жыл сайын 10 миллионға жуық адам ауырып, 1,6 миллион адам қаза табады.

Эбола және өзге де індеттер:
2018 жылы Конго Демократиялық Республикасында 1 миллионнан астам тұрғыны бар қалалардан «Эбола» дертінің негізгі ошақтары байқалды. Бұл Эбола секілді қауіпті эпидемиялармен күресу денсаулық сақтау ұйымдары қолға алуы тиіс үлкен міндерттердің бірі екенін көрсетеді. Осыған байланысты, Әлемдік Денсаулық сақтау Ұйымы 2019 жылды «Денсаулық сақтау саласында төтенше жағдайларға дайындықты қамтамасыз ету жылы» деп атауды жөн санап, осы орайда зерттеу тобын құрып, арнайы жоспар жасалды. 

Әлсіз алғашқы көмек:
Денсаулық сақтау жүйесінің халықпен алғашқы қарым-қатынасы алғашқы көмек арқылы іске асады: іс жүзінде ол қолжетімді, жылдам, жан-жақты болуы тиіс.
Алғашқы көмек адамның өмір бойына қажетті медициналық қажеттілігінің басым бөлігін құрайды. Егер денсаулық сақтау жүйесінің алғашқы көмек бөлімі өзге саласынан күшітерек болса, халықтың жағдайы да соғұрлым жақсы болмақ.
Соған қарамастан, көптеген елдердің жедел-жәрдем қызметі ақсап жатады: ол елдің ресурсының жеткіліксіздігі және ауыр дерт түрлеріне баса назар аударумен тікелей байланысты. Мысалы, 2018 жылы қазан айында ӘДҰ (Әлемдік Денсаулық сақтау Ұйымы) Астанада ірі жаһандық конференция өткізді. Нәтижесінде қатысқан барлық ел алғашқы медико-санитардық көмек міндетін күшейтіп, қызметін жаңарту туралы шешімге келген болатын.

Екпеден бас тарту:
Жыл сайын екпе төңірігінде даулар көтеріліп, олардың шешімі сол күйі жабулы қалады. Соңғы уақытта екпеге қатысты сенімсіздік, одан бас тарту, қолдамау белең орын алуда. Вакцинация дерттің алдын-алудағы экономикалық тұрғыдан ең тиімді тәсілдердің бірі саналады: жыл сайын 2-3 миллион өлімнен сақтайды. Екпеге деген көзқарас артса, бұл көрсеткіш 1,5 миллионға артады деп болжайды зерттеушілер. 

Мысалы, соңғы жылдары әлем бойынша қызылша дертіне шалдыққандар саны 30%-ға артқан. Бұның нақты себебін дөп басып айту қиын болғанымен, екпеге деген сенімсіздіктің де ықпалы бары жасырын емес.

Денге індеті:
Масалар арқылы таралатын, тұмау белгілерін қоздырушы қауіпті дерттердің бірі – денге. Соңғы онжылдықта бұл дерттен қаза табушылардың саны артқын. 

Әсіресе, жауын мезгілінде Бангладеш және Үндістан сынды мемлекеттердің тұрғындары жапа шеккен. Одан бөлек, дерттің белгілері осы уақытқа дейін байқалмаған тропикалық аймақ Непалда да кездескен.
Ақпаратқа сүйенсек, әлемнің 40%-ы денге індетін жұқтырып алу қаупіне ие және жыл сайын 390 миллион инфекция таралады. Әлемдік Денсаулық сақтау ұйымы 2020 жылға дейін бұл мәселенің шешімін табуға тырыспақ.

АИТВ (ВИЧ):
Медицина тарихындағы ең көп тәжірибе жүргізіліп, күресу жолдарын қарастырған дерттердің бірі – АИТВ. Бүгінде 22 000000 адам емделу үстінде.  

Соған қарамастан жыл сайын АИТВ/ ЖИТС (СПИД) дертінен миллионға жуық адам қаза табады. Бұл індет бастау алғаннан бері 70 миллионнан астам адам жұқтырып, 35 миллионға жуық адам бұл өмірмен қош айтысқан. Ал, 37 миллион адам АИТВ инфекцисымен өмір сүріп жатыр. Олардың басым бөлігін 15-24 жас аралағындағы әйел адамдары құраса, ел жағынан көш бастап тұрған – Сахараның оңтүсітк аймағындағы Африка елдері.

Барлық дерттің бастауы – ауаның ластануы мен күтімнің болмауы. Қолжетімді медицина, денсаулық сақтау орталықтарының жауапты әрекеті мен дер кезінде көрсетілген көмек адам өмірін сақтап қалуға септігін тигізеді.

Т. Есқали