Алматыда қандай ауру түрлеріне ең көп операция жасалады?

Алматыда қандай ауру түрлеріне ең көп операция жасалады?
Фото: facebook.com

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің 2018 жылғы мәліметіне сәйкес, Қазақстанда әр 83 секунд сайын бір адам дүниеге келеді. Ал, әр 228 секунд сайын бір адам өмірден өтеді. Қазақстанда миллионнан астам тұрғыны бар 3 қала бар: Шымкент (1 009 212 адам), Астана (1 051 225) және Алматы (1 833 990). Көрсеткіштен байқандарыңыздай еліміз бойынша халық ең көп шоғырланған қала – екі бірдей Мегасы бар алып мегаполис Алматы. Оңтүстік астанада бір күнде орта есеппен 100 сәби дүниеге келсе, 1400 адам дәрігердің көмегіне жүгінеді. Сонымен сұрақ, Алматыда қандай ауру түрлеріне ең көп операция жасалады?

Бұл сауал осыдан тұп-тура 10 жыл бұрын білікті хирург Нұртас Қазыбаевқа қойылды (Сұхбат берген кезеңде дәрігер 50 жаста еді. Өкінішке орай, ол 2012 жылы дүниеден өтті). 27 қыркүйек, яғни дәрігердің туған күні қарсаңында журналистер сала маманынан жарыса сұхбат алып жатқан кез. Тәжірибелі хирург бұл сұраққа іркілместен былай деп жауап берді:

 – Қала бойынша соқырішектің асқынған түрімен және бүйрекке тас жиналып қалумен жасалатын операциялар легі азаймай тұр...

Ал бұл ауру түрлеріне  операциялар қандай тәсілмен жасалады?

 – Мұны Алматыда ескі дәстүрлі операциямен емдейді. Хирургиялық операцияны сенімді дейді. Мен де бұрын хирургиялық операция жасағанды жөн көретінмін. Лапароскопиялық операция ешқашан дәстүрлі хирургиялық операцияны ауыстыра алмайды деп ойлайтынмын. Қазір айтар едім: лапароскопиялық операция неғұрлым тиімді және сенімді. Дәстүрлі операциядан кейін науқас адам он-он екі күн аурухана палатасында жатар болса, лапароскопиялық операция жасалған адам үш-төрт күннен соң аурухананы тастап шығады.

Нұртас Қазыбаев – опереция жасаудың жаңа әдісін Қазақстанға алғаш әкелген дәрігер. Өз сұхбатында алға тартқан лапароскопиялық тәсілмен ота жасаудың негізгі артықшылықтарының бірі, ол жаңа технология арқылы науқастың денесін тілмей операция жасау. Яғни, бұл тәсіл науқастың ішкі ағзаларын емдеу үшін қолданылады. Бұндай операцияда тіліктің орнына 0,5-1,5 см көлемінде бір-екі жерден тесік дайындалып, осы тесік арқылы ота жасалады. Дәрігер дененің ішіндегі жағдайды көру үшін 3D форматтағы видеожүйені пайдаланады. Бұл тәсіл емделушінің қалыпты жағдайға келуін жеделдетеді.

Нұртас Кәкімжанұлы жоғарыдағы сұраққа 2008 жылдың 27 қыркүйегінде жауап берді. Арада 10 жыл өтті. Сауал бұрыңғы, жауап ше? Бұл сұраққа жоғары санатты дәрігер-хирург Жанар Кебекбаева  жауап берді.

 – 17 жылдық тәжірибемде түрлі деңгейдегі операцияға қатыстым. Бүгінде Алматы қаласындағы медицина орталықтарының бірінде науқастарға қызмет көрсетемін. Алматыда көбіне соқырішек ауруына ота жасалады. Оның ішінде, перитонит (көк еттің қабынуы) және тері ауруларымен хирург көмегіне жүгінетін науқастардың саны көп.

Сонымен, тақырыпта қойылған сұрақтың жауабын таптық. Алматы тұрғындары соқырішек ауруымен көп ауырады. Соқырішек, яғни аппендицит бұл – аппендикстің күшті не созылмалы қабынуы, ең көп тараған ішастар қуысы хирургиялық ауруларының бірі. Оның белгілері көбінесе 10-30 жас аралығында байқалады. Егер кіндіктің астыңғы немесе үстіңгі бөлігі шыдатпай ауыртып жатса, біліңіз, бұл аурудың ең негізгі белгісі.

А. Қажиев