Жазғы сән: Қасиетіне бас игізген аксессуар

Жазғы сән: Қасиетіне бас игізген аксессуар

Қоғамдық көліктерде жастардың ересектерге орын бермейтіндігі айтылып қалып жатады. Оған біреулер «бұзылған» деп заманды, екіншілері «тәрбиесіз» деп адамды кінәлайды. Біздің ұлттық ерекшелігімізге сәйкес үлкенге құрмет, кішіге ізет деген қағида ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келген. Шынында да, кім кінәлі? Неліктен мұндай жағдай орын алады? 

Дегенмен басында орамалы бар әйел адам кірсе, кез келген жас ұшып түрегеліп, орын ұсынады.

Бұл – орамалдың құдіреті. Орамал – көп халық үшін тек сәнді аксессуарлардың бірі ғана. Ал біздің ұлт үшін киімнің түрі ғана емес, әйел затының қоғамдағы «дәрежесін» анықтайтын элемент. Ертеде қыз бала күйеуге шыққанша қызыл орамал таққан. Қызыл орамал қыз баланың қызғалдақ секілді әдемі әрі қысқа қыз дәуренін еске түсіреді.

Қалыңдық атанып, сәукеле киіп, ақ босағаны аттап, беті ашылғаннан кейін басына ақ жаулық тартқан. Ақ жаулықпен бірге оның құрметі де артады. Ол енді асыл жан, қадірлі ана. Осы дәстүр еліміздің кейбір аймағында сақталып қалған.

Орамал тағуды бөтен үйден келген келінді төмендету, кемсіту ретінде қабылдайтындар да бар. Алайда орамал – жас келіннің сәні. Ас дайындағанда да тамаққа қыл-қыбырдың түсіп кетпеуін қадағалайды. Сол себепті жақсы дәстүрдің жалғасын тапқаны абзал. Оның үстіне орамал тартудың үлгілері әлемдік сән подиумында да көрсетіліп жатады. Демек сәніңіз бен дәстүрді үйлестірген ару болу өз қолыңызда.

Ақ зат – пәктіктің, адалдықтың, тазалықтың символы. Дана халқымыз отбасының ұйытқысы, балалардың тәрбиешісі анаға жүктелетін жауапкершіліктің салмағын осылай жаулық тарту арқылы білдірсе керек. Мұны барлық адам түсінеді. Сондықтан жаулық тартқан анаға кез келген жерде құрмет көрсетіліп жатады.

Егер сізге жасыңызға лайық құрмет көрсетілмей қалса, жұртқа ренжуден бұрын алдымен ойланыңыз. Мүмкін сіз өз денеңізге, жасыңызға, істейтін ісіңізге сай емес киінетін боларсыз?

Ал сіз үшін орамалдың сән элементіне айналғаны жағымды жаңалық па?

Сурет: Владимир Петухов, Фархат Тоқтаров, art-on.ru

Ұқсас жазбалар:

Жазғы сән: Гладиатор сандалы

Жазғы сән: Оби белдігі

Ф. Абилова