Жазғы сән: Оби белдігі

Жазғы сән: Оби белдігі

«Қыздар сұлу көрінер, белін буса» деп халық әнінде айтылатындай, қазақ әйелдерінің сұлулығының бірі - оның қыпша белінде. Біздің қыз-келіншектердің ұлттық киімдері дене сымбатын айқындап көрсетуге арналған: белі қыналып, денемен дене етіп пішіліп, тігіледі. Белді айқындай түсу үшін киімнің сыртынан әртүрлі материалдан (жібек, пүліш, күдері, былғары, күміс, алтын, т.б.) жасалған белдік немесе белбеу таққан.

Жалпы белбеу немесе белдік адамға психологиялық демеу де береді. Себебі белді қысып байлағанда адам өзін мықтырақ сезінеді. «Белді бекем буу» деген сөз тіркесі бар, бұл «шешім қабылдап, кірісу» деген мағынада.

Қынама бел киім мен белдік тағу басқа да көптеген халықтарда кездеседі. Сондықтан әйгілі дизайнерлер осы тақырыпқа үнемі айналып соғып отырады. Биылғы трендтегі аксессуардың бірі - оби белдігі. Бұл жапондардың ұлттық элементтерінің бірі. Оны киімнің сыртынан тағады.

Оби белдігі 2015 жылғы трендке енді. Оби көбіне былғарыдан, күдеріден белге бірнеше орау үшін, ұзын етіп жасалады. Оның белді ұстап тұратын бөлігі жалпақ, ал қалған бөлігі жіңішке болып келеді.

Белдік «құмсағат», «алмұрт», «банан» пішінділерге жақсы жарасып, көркіне көрік қосады. Обиді көйлектердің, белдемшелердің сыртынан таға аласыз. Егер той көйлектерімен кисеңіз, жіңішке бөлігін бант тәрізді қылып, күлтелеп байлаған әдемі көрінеді. Ал күнделікті киімдерге таққанда, ұшын жай салбыратып қойсаңыз болады.

Обиді дүкендерден таппасаңыз, оны тек былғары ғана емес, жаккард, тафта, жұқа драп, твид, мақта, джинс және т.б. маталардан тіктірте аласыз.

Өзіміздің ұлттық нақыштағы заттарды қалайтын болсаңыз, ою-өрнек салдыра аласыз.

Егер жігітпен, кейінірек оның ата-анасымен алғаш кездесуге қынама бел көйлектің сыртынан оби киіп барсаңыз, оң нәтижеге ие боласыз.

Сурет: liveinternet.ru

Ұқсас жазба:

Жазғы сән: Нағыз арулар бұйымы – чокер

Ф. Абилова