Сүйіктіңізге ақша тапқызудың оңай жолдары

Сүйіктіңізге ақша тапқызудың оңай жолдары

Көптеген бойжеткен бай, мәдениетті жігітке күйеуге шыққысы келеді. Сөйтіп өз қиялындағы жігітті ұзақ уақыт іздеп жүріп, "тазға" жолығып қалады.

Негізі, "мал таппас жігіт болмас, құрарын айт" дегендей, кез келген ақылды келіншек өзі-ақ жарын миллионерге айналдыра алады. Ол үшін:

Біріншіден, оған мүлтіксіз сену керек. Келіншегінің "саған сенем, сенің қолыңнан келеді" деген сөзі жігітті қанаттандыратыны сөзсіз. Әрине, бүгін айтсаңыз, ертең миллионды әкеліп ұстатпайтынын түсінетін шығарсыз. Сондықтан, шыдамды болыңыз. Әзірге, сөзіңізбен, сеніміңізбен инвестиция құясыз. Жемісін кейінірек жейсіз.

Екіншіден, әрбір қадамын аңдып отырмаңыз. "Бүгін кіммен кездестің? Ол сенімді кісі ме? Қандай жоспарың бар?" деп күнде мазасын ала беру қажытып жібереді. Кешке қандай көңіл күймен келгенін қас-қабағынан байқап, жылы-жылы сөйлеңіз. Себебі, ол да жоспарының тез іске аса қоймағанын іштей уайымдап жүреді. Сол себепті, көңілді жүрген кезінде үлкен табысқа жеткендеріңізді елестетіп, визуализация жасауды біртіндеп әдетке айналдырғандарыңыз абзал. Бұл – әлемге танымал миллионерлердің тәжірибесінен алынған нәрсе.

Үшіншіден, мақтап-мадақтап отырыңыз. Сүйген жарының кішкентай жетістігінің өзіне қуанып, қолдауы оның төбесін көкке жеткізіп тастайтыны хақ. Жақсы әйелдің күйеуді адам қылатынын ата-бабамыз баяғыда-ақ айтып тастаған. Осы есіңізде жүрсін.

Төртіншіден, ақша тиыннан құралады. Еріңіздің маңдай терімен тапқанын уыстап шаша бермеңіз. Әрине, "өзі болған қыз төркінін танымас" дегізбей жұртқа да көмектескен дұрыс, алайда отбасылық бизнесіңіздің әбден оңынан оратылып жүріп кеткенін күткеніңіз жөн. Күнделікті керек-жарақты алу үшін өзіңіздің де жұмыс істеп, ақша тапқаныңыз жарыңызға кәдімгідей көмек болар еді.

Бесіншіден, оны ешкімге жамандамаңыз. Кейбір келіншектер құрбыларына жарын "күйеумнің қолынан ештеңе келмейді" немесе "ол – шық бермес Шығайбай" деп жамандағанын аңдамай қалады. Бұл күндердің күнінде еріңіздің құлағына да жетері сөзсіз. Ол мұны дұшпандық деп қабылдайды.

Алтыншыдан, онымен бәсекелеспеңіз. Күйеуіңіздің ақша тапқанын шынымен қалайсыз ба? Әйелдердің ішінде өз ерімен іштей бәсекелесіп, "көрермін қанша ақша табатыныңды" деп кекетіп-мұқатып жүретіндері кездесіп жатады. Әлбетте, мұндай келіншектің де, күйеуінің де қалтасы жұқа болады. Сосын "бәсе, біліп едім, қайдан таба қойсын" деп табалап отырады.

Жетіншіден, оны ешкіммен салыстырмаңыз. "Пәленше сөйтіп, үй алыпты, шетелге отбасымен қыдырып кетіпті" деген сіздің қаңқу сөздеріңіз оған шаншудай қадалады. Әлгі жігітті табысты қылған алтын әйелі. Сіз алтын боласыз ба, әлде мыс боласыз ба? Өз қалауыңыз.

Сурет: ©Асхат Мырзагелдиев

Оқи отырыңыз:

Бизнесмен болғыңыз келсе

Ажырасудың көбею себебі неде?

Қызы бар әкелерге 25 кеңес

Жұмыста табысты болудың жолдары #2

Ф. Абилова