Алғашқы махаббатымның ағасы – өмірлік жарым

Алғашқы махаббатымның ағасы – өмірлік жарым
Фото: jyoti.ru

Бала кезімде көп қиындық көргесін бе, тасжүрек боп өстім. Әкем мен анам күнара ұрсысып, төбелесіп, үйде береке болмады. Бәріне кінәлі – қу арақ. Үйдің жалғыз қызы болып еркелемедім. Әкем кешкісін үйге кіріп келе жатқанда сау ма, сау емес пе деп есік жаққа жалтаңдап қарап өстім. Анам әкімшіліктің еденін жуып, күнкөріс қамын жасады. Ал әкеме бәрібір. Күні бойы қайда жүретінін қайдам, әйтеуір үйге күн бата бір-ақ келетін. 

Әкемнің анамды шашынан сүйреп ұрғаны да, жұдырығымен желкеден сабағаны да көз алдымда. Қыста анамды жарығы жоқ қараңғы бөлмеге дірдектетіп қамап қоятын. Соның бәріне анам үндемей шыдады. Ал мен... Мен болсам, намысшыл боп бойжеттім. Қатарластарым қыз болып майысып жүргенде, көйлек киіп, күлмедім. Еркекшора боп, шашымды да қысқа етіп жүретінмін. Өз-өзіме "ешқашан тұрмысқа шықпаймын" деп уәде бердім. Еркектердің бәрін бірдей жек көрдім. Сөйтіп жүріп мектеп бітірдім. Қанша тырысқаныммен, жоғары балл ала алмадым. Тек колледжге ғана әлім жетті. Колледжде оқып жүріп, көп нәрсеге көзқарасымды өзгерттім. Колледжде жүріп, алғаш рет ғашық болдым... 

Ол бізден бір курс жоғары оқитын. Оны бір көргеннен ұнаттым. Сөйтіп жүрегіме алғашқы махаббатым келіп қонақтады. Бір күні ұзынқұлақтан оның жүретін қызы бар екенін естідім. Айтуларынша, қызы өте сұлу екен. Басында сенгім келмеді. Не де болса, тәуекел етіп, оған өз сезімімді білдіруге бел будым. Әрине, сол кезде не ойлағанымды білмеймін. Колледжде 22 наурызға арналған концерт болып, концерттен кейін оған жолығып, ішімдегі сезімімді айтқым келді. Абырой болғанда оған айтпақ түгілі, жанына да бара алмадым. Аяғым жүрмей қойды. Сөйтіп өз-өзіммен арпалысып жүріп 1 курсты да бітірдім. Демалысқа ауылға бармай, кафеде даяшы болып жұмыс істедім. Жұмысқа алданып, ол жігітті де ұмытайын дедім. Демалыстан сабаққа қайтып кіріскенде, ол жігітке деген сезімімнің қалмағанын түсіндім. Бұрын оған сезімімді айтам деп оқталғаным есіме түскенде, әлі күнге дейін күлкім келеді. Сол кезде ұятым болып, айтпағаным үшін қатты қуанамын. Өйткені... Өйткені қазіргі өмірлік серігім – сол жігіттің туған ағасы! Иә, өмір жолы бұралаң болғандықтан, алдыңнан не шығарын білмейсің. Егер сол кезде сезімнің жетегіне еріп, қате қадам басқанымда, қазіргі бақытты өмірім сағымға айналар еді... Сондықтан бір қадам жасарда мың ойланған дұрыс дегім келеді. Қазір күйеуіммен өте бақыттымын. Ол жігіт болса, шетелде оқиды. Үйге анда-санда келіп тұрады. Сыйластығымыз жоғары. Егер сол кезде ойланбағанымда, не боларын білмеймін...

Автор: Құпия қыз

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com 

М. Оңғарова