Бәрі қызыға қарайды, бірақ жігітім жоқ

Бәрі қызыға қарайды, бірақ жігітім жоқ

Массагет сайтының тұрақты оқырманымын. Қыз-келіншектерге арнап айдар ашқандарыңызға көп рақмет. «Құпия» айдарына өз ішімдегі қиналысымды хатпен жолдап, оқырмандардан ақыл күтемін!

Жасым 24-те. Өзім аққұба, көздері қап-қара, қазақтың қарапайым қызымын. Сұлумын демеймін, өйткені өзімнен әдемі құрбы қыздар аз емес. Мектепте жақсы оқып, ширақ, белсенді көріндім. Бірақ қарсылас, көре алмаған қыздар көп болды. Мені ұнатқан жігіттер де болды. 10 сыныпта сыныптас қыздың ағасымен жүре бастадым. Мектеп бітіріп, қалаға оқуға түстім. Ол да қалада қызмет жасайтын. ЖОО бітіріп, арман қуып, Астанаға жұмысқа тұрдым. Арамызда керемет махаббат болды. Ол "үйленеміз, Қарағандыға қайт" деді, ал анам ол жігітке бұрыннан қарсы еді. "Оған күйеуге шықпайсың" деп айта беретін. Жігітіме анамның қарсы екенін айттым. Ол ренішін білдірді, "неге араласады?" деп, содан арамызды суыта бастады. Маған басқа да жігіттер сөз салып жүрді. Содан не керек, анда-санда сөйлесіп жүрдік, "көзден кеткен, көңілден кетеді" демекші, көп хабарласпайтын болдық. Бірде мен ел жаққа барғанда жолықтық, ол сонда "ата-анам өз жолдастарының қызына үйлен деп жүр, ана қыз өзі ұнатады мені" деп айтып қалды, мен үндемедім, қимадым, "дұрыс" дедім де қойдым. Сонымен "мүлде хабарласпаймын, бәрі бітті" деп шештім. Ол үйленді, сол қызды алды, кейін достарымыз арқылы естідім, әйелі мен десе, қызғанып өліп қала жаздайды екен. Одан кейін маған екі жігіт "тұрмысқа шық" деді, ал мен "сезім жоқ" деп, ұсыныстарын қабыл алмай жүрдім. Содан бері жігітпен жүрмедім, танысқандар дұрыс көңілімнен шықпайды. Жұмысым орнықты, құрбыларым, бірге оқыған сыныптастарым маған қызыға қарайды, бірақ бәрі, анамның өзі де "неге жігітің жоқ, не істеп жүрсің? Тұрмысқа шық" деп айта береді. Ал кезінде сөз салған жігіттің бәрі үйленіп кетті, бірақ бұрынғы жүрген жігітім, сосын бұрын сөз салған тағы бір жігіт жаздан бері қоңырау шалып, жағдайымды біліп тұрады. Сағынатындарын, қимайтындарын айтады, мен де үйреніп алған соң ба, әлде жалғыз жүргендіктен бе, білмеймін, сөйлесіп тұрамын, отбасыларын сұраймын, кішкентайларын айтады. Бірақ қиналамын. "Неге сөйлесесің? Астанада жігіт жоқ па?" деп отырған шығарсыздар. Басым қатты, не істерімді білмеймін...

Автор: Құпия қыз

Сурет: vk.com

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com 

М. Оңғарова