Ұзатылар алдында екіойлы болып жүрмін

Ұзатылар алдында екіойлы болып жүрмін

Менің жасым 27-де. Иә, жасым үлкендеу. Жақында ұзатылғалы жатырмын. Менің ұзатылатынымды естіген болуы керек, бұрынғы группаласым бір күні "жолығайық" дегені. Ол группаласым үнемі хабарласып, хал-күйімді біліп тұратын. Еш мән бермеппін, өйткені өз жігітіммен жүргенімізге биыл 6 жыл болды. Жолықтық. Бір кезде әлгі группаласым маған біраз уақыттан бері ғашық екенін айтты. Иә, мұндай оқиға тек кинода болады дерсіздер... Қатты таңғалдым. Шынымды айтсам, мен де өз жігітімнен ұзақ жыл жүрген соң, шаршап, қажып, екеуміздің қарым-қатынасымыз өшкелі тұрған еді. Бірақ оның да туысқандары, менің де туысқандарым бәрін білетін болғандықтан, екеуміз үйленуге міндетті сияқты едік. 

"Бұрын неге айтпағансың?" деп сұрадым. "Батылым бармады" дегені. Егер сезімін сәл ертерек білдіргенде, мен бәлкім ойланар ма едім... Кім білген?

Ол (группаласым) маған ұнайтын. Сондай сабырлы, білімді, ізденімпаз, еңбекқор, қыз қызығатындай жан. Қызметі де жақсы. Өз жігітіме қарағанда, оның біраз жері артық сияқты көрінеді де тұрады. 

Енді не істерімді білмеймін. Егер ұзатылып кетсем, кейін "сол кезде неге ойланбадым?" деп өкініп жүрмеймін бе? Дәл ұзатылар алдында осылайша екіойлы болып қалған жайым бар. Егер бір шешімге келсем, өз жігітімді жерге қаратқаныммен қоймай, ата-анамды да елге қарабет қылатын түрім бар. Бір жағынан "үйренген жау атыспаққа жақсы" демекші, өз жігітіммен өмірімді өткізгім келеді. Бірақ менің жігітім бір сөзбен айтқанда жатыпішер жалқаулардың қатарына жатады.

Кеңес керек... 

Автор: Құпия қыз

Сурет: liveinternet.ru

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com 

М. Оңғарова