Интроверт көшбасшы бола ала ма?

Интроверт көшбасшы бола ала ма?
Фото: rbc.ru

Интроверт – көбіне сыртқы ортамен емес, ішкі әлемімен өмір сүргенді ұнататын тұңғиық ойдың адамы. Ол әр әрекетін әркімге айтып, жеткен жетістіктерімен өзіне жарнама жасамайды. Олар бейтаныс адаммен бірден тіл табысып, жақын сөйлесіп кете алмайды. Олар өзінің ішкі әлемімен оңаша қалғанды қалайды. Интроверт жаны қалаған шаруаны сүйіспеншілікпен істейді. Алайда, интроверт топтың басында жүруден, қоғамның белсендісі болудан, көшбасшы болудан қашқалақтайды. Бірақ, бұл – мұндай типтегі адамдар көшбасшы бола алмайды деген сөз емес. Бұл мақалада интроверттерге көшбасшы болуға көмектесетін 5 кеңес ұсынбақпыз.

Әр адам өзінің өзгелерден бір саты жоғары қабілетін таба алса, өз-өзін толық зерттей алса, онда ол өзінің атын әлемге әйгілі ете алады. Жағдайды терең оймен сарапқа салып, ұтымды шешім шығара алатын интроверттерттер қоғамда ерекшеленіп тұрады. Ой ұтқырлығының арқасында жетістік жолын тапқан интроверт-көшбасшылар кімдер? Ол – Барак Обама, Марк Цукерберг, Джоан Роулинг, Ричард Брэнсон сияқты тұлғалар. Дәл осы азаматтарды америкалық жазушы Сьюзен Кейн өзінің «Тыныштық: бос сөз сөйлейтін әлемдегі интроверттердің күші» кітабында атап өтеді.

Инроверт адамның артық-кем тұсын айшықтап өттік, енді жоғарыда айтқан кеңестерге кезек берейік.

1) Жеткен жетістіктеріңіз жайлы айтыңыз

Атқарылған жұмыстың сапасы бойынша интроверт пен экстравертті салыстырар болсақ, біріншісінің алға шығары сөзсіз. Алайда, олар керісінше экстроверттің көлеңкесінде қалып қояды. Себебі, интроверт өзінің жұмысын әркімге айтып, жетістігі арқылы ұпай жинаудан өзін аулақ ұстайды. Алайда, сіздің атқарған жұмысыңызды басқалардың өз пайдасына шешпеуі үшін  бұл әрекетке барудан қашпау керек.

2) Басқалар үшін маңызы жоғары адаммен жақсы байланыста болыңыз

Қоғамда интроверттер жайлы жалған таптаурын қалыптасқан. Осы сөздер арқылы интроверт образы өзіне сенімсіз, жасық адамды еске түсіреді. Сол себепті, көптің көзіне дәл осындай образдың кейіпкері болмас үшін, көпшілікті уысында ұстайтын, қолында билігі бар тұлғамен жақын байланыс орнатып, ол адаммен әңгімелесу арқылы өзіңіздің үлкен шаруаға қабілетіңіз зор екен дәлелдеңіз.

3) Тыңдау арқылы, әр нәрсеге мұқият мән беру арқылы ұтымды шешім шығарыңыз

Интроверт әр қадамды аңдып басатын, айналасына мұқият көз шалатын адам. Яғни, бұл сіздің артықшылығыңыз. Осы қабілетіңізді жоғары деңгейге жеткізе алсаңыз, сіз кез келген ортада маңызды тұлғаға айналасыз. Экстраверттің ойланбай жатып ауызы жыбырлауы мүмкін, бірақ интроверт бұндай қадамға бармайды. Ол бірінші тыңдайды, ойланады, сосын ғана сөйлейді.

4) Жалғыздықтан қашпаңыз, бірақ тұйықтықтан алыстаңыз

Кез келген интроверт өзін жалғыз қалғанда жайлы сезінеді. Алайда, осы әрекеттің уақыты ұзап кетсе, адам тұйықталып кетеді. Сол себепті, адамдармен араласудан қашқаштамау керек.

Yahoo компаниясының бұрынғы бас директоры Марисса Майердің ортада жайсыз сезінудің алдын алатын өз тәсілі бар. Айтқандай, ол да өзін интроверт санайды. Ол бір жиынға, көпшілік ортаға барғанда өзін әрқашан жайсыз сезінеді. Осы әсерден арылу үшін ол өзін бұл ортадан ерте кетіп қалмауға қинайды. Нәтижесінде, осы тәсілдің көмегімен ол ұяңдықтан, тығырықтан шыға алмай қалатын керітартпа қылықтарынан арылыпты.

5) Өзіңіздің артықшылықтарыңызды айту үшін интернетті қолданыңыз

Интроверттер алған әсерін ауызбен айтып жеткізе алмауы мүмкін немесе әңгімесінің дәмін кетіріп, тым жұпыны қылып айтып беруі мүмкін. Бірақ олар көрген-білгенін параққа түсірсе, бұл әңгіме өте әсерлі шығады. Сәйкесінше, олар ауызбен емес қаламмен сөйлегенді ұнатады. Осы ретте, мұндай жандардың асығы алшысынан түсіп тұр деп айта аламыз. Себебі, интернет керемет өріс алған дәуірде әлеуметтік желі арқылы осы қабілетіңді толық пайдалансаңыз болады. Қысқасы, көрген-білгеніңнің ең тәуірлерін қағазға түсіріңіз. Жазуды тоқтатпаңыз, түбінде бұл қабілетіңіз сізді өмірдегі ең үлкен жетістікке алып барады.

А. Қажиев